Мемлекет басшысының бастамасымен кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары жыл сайын артып, берілетін несиелердің көлемі де ұлғайып келеді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша, ауданға инвестиция тарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов бірқатар маңызды жобаларды қолға алды. Осы ретте, Қытайдың Синьцзян провинциясындағы «Цзинь Тайян Ко., ЛТД» компаниясының басшысы Луи Кесонга ауданға арнайы келіп, жалпы құны 15 млн АҚШ доллары (7,5 млрд теңге) болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыруға арналған меморандумға қол қойды.
Бұл жоба аясында шетелдік кәсіпкер аудан аумағында ауыл шаруашылығында пайдалануға арналған тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтар мен пленкалар өндірілетін зауыт салады.
– Ағын суды үнемдеу және өнім сапасын арттыру тұрғысынан тиімді тамшылатып суғару әдісін кеңінен енгізу үшін қажетті құрал-жабдықтар ауданымызда өндірілетін болады. Бұл шаруалар үшін де, аудан экономикасы үшін де пайдалы болмақ. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету және өнімнің бағасын төмендету мәселелері де қарастырылған, – деп атап өтті аудан әкімі. Сондай-ақ, ол зауыттың инфрақұрылымы мен қажет болған жағдайда ІІ деңгейлі банктер арқылы несиелік қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бұған қоса, жыл басынан бері 31 млрд теңге көлемінде инвестициялық жобалар жүзеге асырылған болса, соның 16 млрд теңгесі жеке кәсіпорындар тарапынан қаржыландырылған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 40 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.