Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдегі мәдениет және денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында руханият пен мәдениет саласына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты сараланып, маңызды ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Келелі кездесуді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді.
Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы арнайы заң жобасына қол қойылды. Бұл – Президентіміздің Түркістанға деген ерекше қамқорлығының және бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қосқан зор үлесінің нақты көрінісі. Ел Президенті 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында:
«Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы», – деп, бұл рухани мекенге деген ерекше ықыласын білдірген еді.
Түркі елдерінің тарихи тұғырына айналған Түркістанның рухани дамуында бүгінгі басқосудың маңызы зор. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толып отыр, – деді Ертай Алтаев.
Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Тұрсұн Хазіретәлі ономастика саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталып, облыстағы ономастикалық комиссияның жұмысы жайлы баяндады. Ал Түркістан музыкалық-драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан театр саласындағы жаңа серпіндер мен қойылымдар жайлы айтып, кино өнерінің дамуы туралы бөлісті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуына ерекше назар аудару керектігін атап өткен болатын. Осы орайда Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша баяндама жасады.
Жиынды Мәлік Нұржанұлы қорытындылап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық құрылтайда айтқан идеялары мен бастамаларына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, алға қойылған міндеттерді нақты іске асыру жолдарын атап өтті.
Ел Президенті үнемі «Адал азамат болайық!» деп айтып келеді. Шынында да, әділ қоғамды адал азаматтар ғана құра алады. Бұл – әрбір қазақстандықтың парызы. Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған 53 тармақтан тұратын нақты жоспарға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл – жай құжат емес, ел болашағына бастар жол. Сондықтан арнайы алдарыңызға келіп, сол жолда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімді білдіремін, – деді Президент кеңесшісі.
Мәлік Отарбаев Түркістан жұртын шаһардың ерекше мәртебеге ие болуымен құттықтап, Президент саясатын іске асыру жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.