Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге көмектесу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов ауыл шаруашылығы санағының негізгі кезеңіне дайындық барысы жөнінде баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, аудан және қала әкімдіктері тарапынан елді мекендердің картографиялық материалдары ұсынылған. Электрондық карталардың толық нұсқасы да тиісті тәртіппен жолданған.
Сонымен қатар “Мекенжай тіркелімі” ақпараттық жүйесінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесі мен шекараларын, көшелердің атауларын өзектендіру және нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл жұмыстар тек Жетісай және Отырар аудандарында толық аяқталғаны хабарланды.
Айта кетейік, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өтеді. Бірінші – листинг кезеңі, онда 6 қалада 6 нұсқаушы мен 34 сұхбатшы жұмыс істейді. Ал 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтетін негізгі кезеңде 153 нұсқаушы мен 636 сұхбатшы жұмылдырылады. Осыған байланысты жауапты мамандардың қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіне қойылды.
Ауыл – ел тірегі. «Жер ырысы – ел ырысы» демекші, статистикалық деректерді нақтылау, ауыл шаруашылығы құрылымдарының шынайы ахуалын анықтау – мемлекеттік жоспарлаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл ретте санақ жұмыстарының сапалы ұйымдастырылуы — алдағы ауыл саясатын дұрыс қалыптастырудың алғышарты.
Жиынды қорытындылаған Нұрбол Тұрашбеков аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына санақ учаскелерінің ашылуын қамтамасыз етуді, көше шаруашылықтарын ретке келтіру бағытындағы дайындықты белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, анықталған кемшіліктер бойынша нақты жұмыс жүргізу қажеттігін ескертті.