Түркістанда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында облыстағы әр саланың үздіктері анықталып, «Үздік жастар премиясы – 2024» байқауының марапаттау кеші өтті.
Аталған байқау өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және оның дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, ерекше үлес қосқан жас азаматтарды, түрлі салада білімімен, талантымен, белсенділігімен көзге түскен жастарды анықтау және марапаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, жастардың жетістіктері мен олардың қоғамдағы рөлі туралы айтты. Сондай-ақ, жастардың еңбекқорлығы мен ынтасын жоғары бағалап, әр салада үздік көрсеткіштерге қол жеткізген жастарға табыс тіледі.
Сонымен, «Үздік Жастар ресурстық орталығы» КММ аталымы бойынша Кентау қаласы және Келес пен Сауран аудандық Жастар ресурстық орталығы марапатталды. «Үздік жас мұғалім» номинациясын бәйдібектік Зәкерия Сержанұлы иеленсе, «Денсаулық саласының үздік жасы» атағы келестік Дәулет Жолдасұлына берілді. «Үздік жас полиция қызметкері» аталымын кентаулық Есімхан Әдетханұлы, ал «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясын сарыағаштық Омархан Сүйінбекұлы иеленді. «Шексіз мүмкіндіктер иесі» аталымында саурандық Розахмет Набиханұлы топ жарды. «Үздік жас спортшы» номинациясында төлебилік спортшы, Азия және әлем чемпионы Төрехан Сабырхан жеңімпаз атанды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев үздіктерді марапаттап, өз құттықтауын жеткізді. «Үздік жас кәсіпкер» аталымында төлебилік Бәйдібек Нұрланұлы, «Үздік жас жұмысшы маман» номинациясында сарыағаштық Мирзабек Камалов пен түлкібастық Бекасыл Серікұлы марапатталды. «Үздік жас студент» атағы түркістандық Аружан Шайырханқызына берілсе, «Үздік оқушы» номинациясын сарыағаштық Жансерік Жақсыбайұлы иеленді. «Үздік жомарт жүрек» номинациясында түркістандық Таңшолпан Бекбауыва мен саурандық Элзод Мавленов марапатталды.
Сонымен қатар, танымал тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызы да үздіктерді марапаттады. «Үздік жас жазба ақын» номинациясы түркістандық Дәурен Тілеуханға, ал «Үздік жас тілші» атағы сарыағаштық Майра Жұмабекқызына бұйырды. «Жыл жаңалығы» номинациясын қазығұрттық Бексұлтан Оразхан иеленсе, «Үздік жас волонтер» атағы түркістандық Еркебұлан Мадиярұлына табысталды. «Үздік жас блогер» аталымын түркістандық Азизхан Бауыржанұлы жеңіп алды. «Үздік жас актер» номинациясында арыстық Маңсар Орынхан мен Нұрсұлтан Отар марапатталса, «Үздік жас әнші» сыйлығын түлкібастық Ақсұңқар Жүнісбаев алды.
Барлық аталым жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды.