Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеме жасап, маңызды бағыттарға тоқталды:
– Ауыл тұрғындарын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – деді әкім.
Облыс халқының 97,9%-ы немесе 2,1 млн тұрғын (737 елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл қосымша 30 елді мекенге жаңа су құбыры тартылып, 13 елді мекеннің ескірген жүйелері жаңартылып жатыр. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту деңгейі 98,6%-ға дейін артады.
Соңғы екі жылда 91 елді мекеннің 187 мың тұрғыны табиғи газға қосылған. Осылайша, газбен қамтылған халық саны 1,82 млн адамға жетіп, жалпы көрсеткіш 84,9%-ды құрап отыр (557 елді мекен).
2024 жылы облыста 1161 шақырым жол жөндеуден өтуде. Жыл қорытындысы бойынша 560 шақырым жол пайдалануға беріліп, нормативтік талапқа сай жолдардың үлесі 94%-ға жеткізіледі.