Түркістан облысында азаматтарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу шаралары жалғасуда. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы облыстық жинақтау пунктіне барып, оның жұмыс барысымен танысты.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, майор Қуаныш Кулумбаев жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағытындағы жұмыстардың нәтижелілігі мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Ертай Кенжебекұлы әскери пункттегі жатын орындар мен тамақтану сапасын тексеріп, әскерге шақырылған жастармен жүздесті.
– Туған жер мен Отанды қорғау – әр азаматтың басты парызы. Сіздер патриоттық сезім мен батылдықты ұштастырып, әскери өмірмен және еліміздің түрлі өңірлерінен келген шақырылушылармен танысасыздар. Егер қызығушылық танытсаңыздар, бұл әскери құрылымдарда қызмет етуге тамаша мүмкіндік болмақ. Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, жақындарыңызбен аман-есен қауышуларыңызға тілектеспін, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.