ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫТАЙ ПРОВИНЦИЯЛАРЫМЕН ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТУДА
Түркістан облысы Қытайдың бірнеше провинцияларымен тығыз серіктестік орнатқан.
Жыл басынан бері ұйымдастырылған іссапарлар барысында жергілікті басшылармен кездесулер өткізіліп, ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысу, сондай-ақ әріптестік туралы меморандумдарға қол қою жүзеге асырылды.
Сапарлардың негізгі мақсаты – халықаралық тәжірибені меңгеру, жаңа жобаларды іске асырып, инвестиция тарту арқылы жаңа кәсіпорындар ашу және халықты жұмыспен қамту.
Сол кездесулердің бірі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен шетелдік инвесторлар және кәсіпкерлер арасында өтті. Кездесу барысында әкім өңірдің даму тарихы, қазіргі жағдайы және экономикалық мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, қолайлы инвестициялық климатпен таныстырды.
Қазіргі таңда Түркістанда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Сонымен қатар «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асуда. Бұл жоба аясында 308 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 151 өндіріс орны ашылып, 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.
Облыстың мүмкіндіктерімен танысқан инвесторлар, оның ішінде «Shaanxi Zhonghuang Huancheng Technologi Co., Ltd» компаниясының бас директоры Ли Хайнан, ұсынылған жобаларға қызығушылық танытты және әкімге жобаларды талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Хубэй провинциясымен бірлескен жобаларды талқылап, іскерлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер барысында тараптар экономикалық және өнеркәсіптік әріптестікті күшейту және жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесудің ең маңызды сәті – Хубэй провинциясында Түркістан облысының сауда өкілдігінің ресми ашылуы болды.
Сонымен қатар, Нұралхан Көшеров бастаған қазақстандық делегация Бейжіңде өткен «Болашақ үшін әлемді біріктіру» атты CISCE халықаралық көрмесіне қатысты.
Іс-шара барысында жетекші компаниялар экологиялық таза энергия, цифрлық технологиялар, ақылды көліктер, озық өндіріс салаларындағы жетістіктерін таныстырды. Облыс әкімінің орынбасары халықаралық компания өкілдерімен кездесу өткізіп, ауыл шаруашылығы және көлік саласындағы әріптестікті, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Бұған қоса, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров бастаған делегация Қытайдың Үрімші және Қуарлы қалаларында іссапарда болып, мақта, жүгері комбайндарын құрастыратын зауыттар, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары мен ирригациялық жүйелердің жұмысымен танысты.
Мақтааралдық кәсіпкерлер құрылысқа қажетті станоктарды өңірге алып келіп, жаңа цехтар ашу мүмкіндігін қарастырды.
Қытайлық инвесторлар өңірдің тамақ өнеркәсібі, туризм және табиғи өнімдерге ерекше қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда облыста 35 қытайлық компания жұмыс істейді, ал Түркістан облысының құрылуынан бері жалпы сомасы 110 млн долларды құрайтын 4 ірі жоба жүзеге асырылған.