Ұрыс қимылдарына ай сайын шығып жатамыз. Шамамен әр айдың он күні, кейде жиырма күні тауларда, соғыспен өтеді. Кезекті бір үлкен ұрысқа шығар алдында әдеттегідей бүкіл бригада қару-жарақ, оқ-дәрімізді, басқа да амунициямызды алып шығып, басшыларға даярлығымыздың түгелдігін көрсетіп жатқанбыз, смотр дейді мұны. Бригада командирін — комбриг – соғыс жағдайында ол біз үшін жарты құдай ғой. Батальон басшыларын, біздің рота командирін, басқа да нөкерлерін ертіп, бізге жақындап та қалды. Біз -8-рота, оның ішінде 4-пулемет-гранатомет взводы, ротаның аяқ жағында тұрмыз. Офицер — командирі жоқ болғандықтан, оның орынбасары – сержант Мухамеджанов, яғни мен – взвод командирінің орнындамын. Ұрыста взводты мен басқарамын. Яғни, он төрт солдат (таң қалмаңдар, әр взводта отыз солдат – тек Уставта, іс жүзінде ауғанда әр взводта жеті-сегіз адам ғана. Менікі – қайта әжептәуір ірісі) үшін мен «жартықұдаймын». Ауған соғысында, әрбір соғыстағыдай, өзінің жазылған да, жазылмаған да ережелері қалыптасып үлгірген кез ғой. Мысалы, «к бою» деген команда бар. «К бою!» -деп бұйрық берсе, артқа күрт бұрылып тұра жүгіріп төрт-бес метр өткен соң құлай кетесің де қолдарыңмен автомат кезенген поза ұстай қаласың. Ал Ауғандағы солдаттар шын соғыста жүріп шын автоматты ұстап, шын қан төгіп жүргендіктен, әлгі команданы орындауды өздеріне пәстік, қорлық санайды. Комбриг кеп қалды. Рота командирі екеуі барлық взводты тексеріп, бізге де жетті. Тыпыршып тұрғам- үндемей бәлесіз өтіп кетсе екен деп. Себебі, бұл жаңадан келген командир. Полковник. Қылмыс жасаған солдаттарды жазалау орны – солдаттардың бұ дүниелік тозағы – Қазақстанның бір жерінде Дисбатты басқарған. Яғни, солдаттарды қорлап, тұқыртып үйренген адам. Онысын көрсетіп те үлгірген. Шынайы соғыс жүріп жатқандықтан ауғанда басшылардың алдынан өткенде қолды маңдайға жеткізіп «честь беру» жоқ еді. Мойынға «ақ жаға тігу» жоқ еді. Бұл соның бәрін бастап, соғысушы бригаданы тәртіптік батальонға, дисбатқа айналдыруға бет алды. Әрине, әркім «көргенін» істейді ғой. Белуардан қан кешіп, ауырлықтарды иығымен көтеріп жүрген офицерлерді солдаттардың көзінше қорлап, плацта (алаңда) өзі шақырғанда жай ғана тез емес, жүгіріп келуін талап етіп, жүгірмесе артқа қайтарып, қайтадан шақырып, бригаданың мазасын кетіріп жүрген еді. Мұндай бәлеқорлардың менде өші бар – үйтіп бүйтіп бір сылтау тауып әйтеуір ілінісе кетеді. Сөйтпесе екен деп тұрмын. Бірақ сөйтті. Менің солдатым, жан досым Хашимыч (ферғананың өзбегі, өжет солдат, аты Юсуф, біздіңше Жүсіп) қасындағы солдатқа сыбырлап бірнәрсе айта қойып еді, комбригіміз — полковник Жариков қызған тасқа түскен тамшыдай пышшш ете қалды. «Взвод, тік тұр! Айнал!!! К бою!!!» Бәсе, міне, айттым ғой — ақыры тиісті. Мұндай қызыл көз бәлелердің мені байқамай қоюы мүмкін емес қой. Взвод артқа бұрылды. Тағы бір сәт – «к бою» дегенде жүгіре жөнелсе, автомат кезенген қимыл жасаса, онда бригадаға күлкі болады. Бірақ «жартықұдай» комбриг Жариковтың айтқанын тыңдамауға амал бар ма? Ал мені қайтеміз? Мұнда мен бармын гой… Көңліме ерсі, намысқа түрпі боп тиген нәрселерді өлсем де істемей атым шыққан Мұхтар емеспін бе? Бұл кісі енді келген, өкінішке орай, мұны білмейді. Білмейд екен деп, сонда не, «клоун» болуым керек пе? «Взвод, отставить» — деп шаңқ еттім. Толқығаным, қорыққаным, жаныққаным сонша, өз даусымды өзім сырттан есітіп, өз даусымнан өзім шошып кеттім-ау… «Отставить» – алдыңғы бұйрықты орындама деген бұйрық. Мен, жиырма жасар қазақ солдаты, сорлы кедейдің баласы, стипендия болмаса, аштан өлетін студент, «жартықұдай» комбригтің бұйрығына елдің көзінше ашық қарсы шығып, оны орындаудан бас тартып қана қойған жоқпын, мен бүкіл взводтың ол бұйрықты орындаудан бас тартуын талап еттім… Енді ертеңім шиздец болатынын сездім. Тәніммен сездім. Ішек-шабағым шегесінен шешіліп, ішімнің түбіне түсіп кеткендей сезім. Бірақ мұны «отставить» демей тұрып ойлану керек еді –иә, білем. Ең кемі, рота командирі тірідей жеп қоятыны сөзсіз. Аман қалсам, бригаданың бүкіл қазағының «артын қыса алмаған ақымақ» деген мысқылына қалатыным да рас. Бұл мысқыл қанша рет өмірімде болған нәрсе, өте ауыр сезім. Сонымен, взвод қақ тұрды, комбригтің бұйрығын орындамады. Взвод комбригтің емес, қара қазақ менің айтқанымды тыңдап, «к бою»-ды орындамай, қайтадан айналып, қаздиып тұрып қалды. Мәссаған!!! Өзбегі бар, қазағы бар, кавказы бар, орысы бар, менен ерте келген дедтары бар – мені Комбригтан жоғары көріп, менің сөзіме Қақ ТҰРДЫ!!! Көкірегім бес сантиметрге көтерілгендей демім кеңіп, қорқып тұрған мен сорлы әп-сәтте мақтаныштан ісіне кеттім. Комбриг түтігіп кетті. Қып-қызыл бетінің түктері тікірейіп.. Обнаглели, сынки!!! Бунт затеяли!!! А ну кру-гом!!! К бою!!! — деді ғой кәззап.. Бірақ- «шешінген судан тайынбас» деген мәрт елдің баласымын ғой: тағы да шаңқ еттім: «взвод, отставить»!!! Қайдан шығып жатқан жүрекжұтқандық екенін өзім білмеймін – тамағым құрғам таңдайыма тілім жабысып тұрғаны есімде. Взвод тағы да менің айтқанымды тыңдап, оқтау жұтып алғандай, қаздиып тұрып алды!!! Осыдан соң, сірә, бұдан әрі шерменде болмайын деді ме, комбриг рота командиріне қарады да: «В гаупвахту его на десять дней, потом под трибунал!!!» деп (он күнге гаупвахтаға жабыңдар, сосын трибуналға беріп соттатыңдар) ғарқ етті де өтіп кетті. Сонымен ел соғысқа кететін болса, мен басыми салбырап.. гауптвахтаға кеттім. Өкініш. Қорлану. Ренжу. Өзімді боқтау. Комбригке ашулану. Тағдырдың қианатына қамығу. Елдің бәрі мені көздерімен ұзатуда – ұнжырғам түскенін білдірмеуім керек. Нартай, Нұржан, Дәурендер менің сорлы боп қалғанымды көрмесін. Ол жерде ұлтшылдық қой- бес қазақтың бірі сыр берсе, қалғандарына да тиеді. Он күн… Сосын трибунал.. Аты жаман иттердің… Не болады сонда? Ата ма? Соттай ма? Дисбат деген бұ дүниенің тозағына жібере ма? Айыптымын ба өзі? Жоқ, айыпты емес сияқтымын… Әкеліп гаупвахтаға жапты. Апама не деймін??? Жылайтын болды-ау.. Сотталсам, күні қалай болар екен… Не деп ойлайды екен.. Бұлар мені айыпты деп жазады әдбетте, айыпсыз еді деп, соғыстан соң апама айтып баратын кімім бар… Енді күнім не болар екен деп салқын тас дуалға сүйеніп отыр ем, рота технигі прапорщик Ильич ентіге жүгіріп келді: начгуб ( гаупвахта бастығы) қайда!!! Босат Мухамеджановты!! Тез бол, енсуас!!! Бүкіл рота күтіп тұр оны!! Неее??? Муха болмаса рота қалай соғысады дейсің, идиот, комбриг оттай береді, гранатомет ұстап көріпті дейсің бе сол!» — деп гаупвахта бастығына айқайлап жатқанын есіттім. Уфф. Жылап жібердім. Мен де керек екем ау… Мені де іздейді екен-ау… Сотталмайтын болдым, Апа!! Егер оқ тиіп жатпаса, мина басып кетпесем, үйге абыроймен, аман барамын, Апа!! Осылай құтылып кеттім.
Қызыл Жұлдыз орденінің кавалері Мұхтар Мұхамбетжан