ҚОРШАУДАН ШЫҒУ
Асадабад жақ па, есімде жоқ. Ауған полкы соғысқа шығатын болып, біздің рота оларға жәрдем ретінде қосылатын болды. Тапсырмаға жеткен соң, рота болып бір кең, ат шаптырым алаңқайға айнала қорғаныс құрып тұрдық. Бұл деген сөз – тамақ істеп жеу мен өз кезегің келгенде сақшылыққа тұрудан басқа жұмыс жоқ. Яғни, демалыс. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Таң ата менің взводымды, яғни 4-пулемет-гранатомет взводын бір батальон ауған әскеріне қосып аттандырып жіберді. Атымыз дардай – «жәрдемге, күшейтуге». Демек, бір батальон, яғни бес жүздей отыз бен елудің арасындағы тіс қаққан еркектерге біздің, он сегіз бен жиырманың арасындағы он төрт баланың күші пара—пар боп тұр ғой. Бекер ренжіппіз – жаңа тапсырмамыз – қышлақтың іші, әдеттегідей құм мен тас емес, топырақты, көлеңкелі жер екен. Қуана жайғастық. Жайғасқанда, атымыз взвод болмаса, он төрт-ақ адамбыз, машинамыз біреу-ақ. Бірақ шүкірлік дейін, бұл кез машинамыз БМП-2, бұрындары мүлдем сорлы боп, бүкіл ротаның ішінде біз ғана БМП-1 машинасымен жүретін едік. Аты взвод болмаса, басқа взводтарда адам саны тиісіншедегідей 30-ға жетпек түгілі, бізден де аз, бірақ машина екеуден. Біз болсақ, он төртіміз бір машинаға сыйысуға мәжбүрміз. Менің айыбым жоқ, мен бар болғаны сержантпын. Офицер болуға тиісті взвод командирінің қызметін атқарғанмен, ресми қызметім — жай ғана взвод командирінің орынбасары. Офицер жетіспейді ғой. Өледі, жараланады. Оны шоттан шығарып, орнын толтыруға айлар кететін болғандықтан, соғысқа ебі бар сержанттарды комвзводтың орнына жұмсай береді, сондықтан бұл тек менің мәртебем, менің ғана тағдырым емес. Бұрындары, взводтың офицер командирі барда бірден аспаған машина санын сержант мен көбейте алмаспын. Оның үстіне барлық роталардың төртінші взводтарында бір машинадан. Сондықтан мұны өзіме намыс көрмегенмін. Жайғасуын жайғасқанмен, мұндай тау-тас емес, елді мекен ішінде шеп құрып тұруымыз өте сирек қой. Айналадағы бір-екі жайсыз фактор миым мен жүрегімді шұқылап тыныштық бермеді. Достарым – менімен бірдей уақыт, яғни бір жарым жыл қызмет еткен «дедтар» — өзбек Хашимыч, орыс Бойков, ноғай Куванаевпен сыртымша бірге күліп, әңгімелеріне ілесіп отырғанмен, ішімнен қобалжулымын. Кешегі студенттің, бүгінгі кәнігі соғыскердің үйреншікті көздері жан-жақты тынымсыз барлауда — көрініп тұрған екі сұсты дувал, ар жақтағы душман тығылып жақындай алатын арықтар, талдар, құдықтарға сай жасалған қорытынды ішімді ашытып, мазамды алып барады. Әдетте біздер тапсырмаға жете салысымен сол жердің рельефіне, жау келер ұрымтал жақтардың санына, ыңғайына қарай тастардан жарты шеңбер формасында қорғаныстар қалап шығамыз. Сосын әр топ өз қорғанысының ығына жайғасып, сақшы қойып, қалғаны дәстүрлі түрде алау жағып, жылынып, шай ішуді бастаймыз. Бізде «АГС-17» тұғырлы гранатомет тобы, «Утес» тұғырлы пулемет тобы, және ауыр да сенімді ПК пулеметі бар. Үш, қажет жағдайда төрт жаққа қаратып қорғаныстар жасап, соғыса аламыз. Бұл жағдай бірақ тауларға қатысты. Ал мына топырақты табиғатта қорғаныс салуға қажетті тасты сатып алам десең де жоқ. Сондықтан… Окоп қазу керек?! Бірақ Ауғанда кім окоп қазыпты –күлкіге қаларсың тағы… Оның үстіне, окоп туралы айтқан замат Хашимычтар мен Куанаевтар «Мұхтар, сен-ақ коммунистігіңді қоймадың, артыңды қысып сәл босаңсып демалсай адам сияқты, не деген бәлесің, тыныштық бересің бе, жоқ па» — деп тоңқылдап, тулап шығады. Мұны білем — бірінші күн соғыста жүрген жоқпыз. Жайлап қана, иі жұмсақтау Артур Куванаевқа айтып көріп едім – «сенің есің дұрыс емес шығар, Афганда кім окоп қазады, дал-б! Оның үстіне түгелдей әскери батальон дұшмандарға қарай шабуылға кетті, душман бізге жету үшін солардың бәрін тықсырып, артқа қарай қуып келу керек шығар. Анық ауғанның өкімет әскері қашып біздің үстімізден өтіп жатса, окоп қазармыз, немесе бірге қашармыз деп ақыл айтып шыға келді. Айтарын жөндеп айта алмайды. Көзін жеткізе алмай қалам деп қорқа ма, айтып болғанша зарлап, сарнап кетеді, сөйтіп тыныш жатқан нервінің өзін құтыртып жібереді. Бопты.. Бірақ сөзінде жан бар. Бізді мейлі, менсінбей-ақ қойсын – он төрт жас бала, бір машина. Әр кезде бір ашулы төбеттей арп-арп етіп, қатарласып дәл жанымызда ауған өкіметінің отыз шақты зеңбіректері, олардың расчеттары тұр ғой. Баршылықпыз. Кімнен қорыққандаймыз? Ауған өкімет әскері советтің ГАЗ -66 машиналарымен жүреді. Бортқа өздері жайғасса, артына ұзын тұмсық зеңбірегін сүйретеді. Жаяу әскер тау жаққа жорыққа кетті, солардың берген ориентирлерімен (корректировка дейді) артиллерия таудағы душмандардың шоғырланған жерлерін соққыға алуда. Бірақ өз-өзімді жұбату үшін айтқан бұл сөздерге асқазанымның астында отыратын «екінші Мұхтар» разы емес, ыршынып қарсы шығуда. «Душмандар партизан емес пе. Олар ауған әскері кеткен жақтан табылуға міндетті деп кім айтты саған? Мүмкін, олар ол жақтан емес, басқа жақтан бас салар: жер олардікі, қыр-сырын да олар біледі. Жау шапса, ауған артиллериясының расчеттарына иек артуға болады деп қай ойың айтты? О заман, бұ заман совет солдаты ауған өкімет әскерінен қашан жәрдем күтіпті? Олардың «өтірік әскер» екенін бұған дейін есітпеген бола қалмасай.. Түгелдей бес жүз ауғандық жауынгерге күшейтуші ретінде он төрт жас баланы жеткілікті деп шешудің өзі – олар мен біздің әскери рухымыз, рухани мықтылығымыз, табандылығымыз, өжеттігіміздің арасы жер мен көктей екені туралы ащы шындықты айтып тұрған жоқ па?»…
«Иә, екінші Мұхтар, мен сені түсіндім». Мен ауған солдаттарына иек арта алмайды екенмін. Біздің машинаның екі жағында екі үй – қамал тұр. Ауғандар үйді дувал деп атайды – дувал десе дегендей-ақ. Лайдан жасалған, жылдар бойы жаңбырсыз жаздағы алпыс-жетпіс градус күннің аптап ыстығы цементтен бетер мықты қылған дуалдарының қалыңдығы метрге дейін жетеді. Биік. Сұсты. Танк болмаса, БМН-ның зеңбірегі бұза алмайды. Дуалдың оқ ататын, сақшы тұратын мұнаралары бар. Ішінде төрт бес семья- түгел бір әулет бірге тұрып, бірге күзетке шығып, бірге қорғанады. Үй ме, қамал ма –өзің шеш. Сол жақтағы дувал жүдә жақын. Қырық –елу метр шыға ма, жоқ па. Оң жақтағысы сәл алыстау. Артта – тас жол және оның жиегіне бойлай орналасқан ауған өкімет әскерінің артиллериясы. Тым болмаса әлгі екі дувалға қаратып екі окоп қазу керек. Қалайда қаздыру керек. Жауды қарсы алатын даярлықты бүгін жасамай, қапыда қолға түссек, күні ертең «бұл жақтан келмейд деп ойладым», «қорғаныс қалайтын тас жоқ екен», «солдаттарымды қинағым келмеді» — деп дұшпанның алдында былжырап тұрам ба? Мұндай көттікке жол беріп, намысымды қорлатып, арымды таптата алмаспын. Нашар шығармын. Дәурендей ұрғанын құлататын дүлей емес шығармын. Мен бірақ Мұхтармын. Мен Қазақ Солдатымын. Не істесем екен? Не амал бар???
Амалды Құдай өзі тауып берді. Қаны бұзық Хашимыч маған айтпай бір жас солдатты чарсқа жіберіп үлгірген екен. Ауғанның чарсы — біздің елдің нашасы, тек анағұрлым мықты. Біздің солдаттар үйреніп алған, отырып алып темекі сияқты ұра береді. Вася Неродный сияқты сержанттар жол жүріп бара жатып марш кезінде шегіп жүре береді. Чарс барлық жерде бар. Өте арзан. Сіріңкенің қорабына үш –төртеуін қаламша түрінде салып, бес-алты жасар балалар сатып жүреді. Біздің жігіттер «Беломор» темекісіне араластырып шегеді. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – Хашимычтың жіберген солдаты чарстың орнына тезектен жасалған қаламшалар әкеліпті. Мүмкін, тезек емес те шығар – шекпеген соң анық білмеймін, бірақ чарс емес екені анық болды. Хашимыч ашулы. Барып келген солдатты ұрғысы келіп-ақ тұр, тек менен сескенеді. Мен чарс шекпеймін. «Донские», «Охотничьи» деп аталатын ядролық қатты сигареттер бар – соларды нандай жеймін, бірақ чарсқа құмарлық жоқ. Ал бұл жолы… Бұл жолы осы чарс маған жәрдем беретін болды.
— «Тоқта! Тік тұр! Кімді алдадың? Алдамадым?? Бопты, неге алдандың! Сенің кесіріңнен менің достарым чарстың орнына тезек шегу керек пе? Кімді ақымақ қып тұрсыңдар! Взвод, Сапқа тұр! Сендерге жаза! Сержант Макарчук! Гранатомет тобын ал да машинаның сол жағынан ор қаз! Сержант Святун! «Утес» тобын ал да машинаның оң жағынан ор қаз! Алға!!! Хашимыч пен Артур –Әділхан ( ноғай ғой, орыстар қолдан жасап, жасанды ұлт қылғанмен, тілі, ділі, есімдері бәрі қазақша, Қазақтың Кіші Жүзі ғой, шын аты -Әділхан) дымды түсінбей, қатты да қалды. «Әдетте чарс көрсе болды тас-талқан ашуланып, шектірмеуге тырысатын Мұхтардың мынаусы несі??? Өзі шекпейтін чарс үшін, балдарды жазалап, ор қаздырғаны несі? Тиын тұрады ғой чарс, ор қаздырғанша, тағы жіберіп, шынын әкелдіре салмай ма»… Со бойы Түсіне алмады. Әрі-беріден соң, қарап отыруға ұялып, екеуі ор қазушыларға жәрдем беруге кірісті. «Дедпыз» деген жоқ. Дегенмен, достарым алтын ғой! Дедовщинадан адамдықтары басым. Нағыз жігіттер. Сонымен орлар қазылды. Жағаласып жүріп әр орға арасына пулемет пен гранатометті қоятын ашалар орнатқыздым. Бітті. Көңіл тынышталды. Чарстар шегілді. Шайлар ішілді. Артур әдеттегідей ұйқыға кетті. Күн бата бастады. Намаз оқитындардың тілімен айтқанда, екінтінің уақытында «концерт» басталды. Азанда сақадай сай болып кеткен ауған өкіметінің әскері қан-қан, кимі жыртылған, жаралысын сүйреген күйі, топ-топ боп, жалғыз ілік боп машиналарына қарай жөңкіле бастады. Сірә, душмандарға тістері батпаған. Қайта тістеймін деген тістерін душмандар қағып алған сыңайлы. Келгені келгендей машиналарына отырып, зеңбіректерін жегіп, машина үстінде жараларын таңып, кетуге даярлық қып жатты. Біраздан соң кейбір машиналар бұрылып, тас жолға шығып, кете бастады. Көңілге күдік кірді. Ешкім команда бермесе де, кетуге бола ма? Бұл қашу емес пе? Артиллериясы бар, машиналары бар, қаруы бар әскер жаудан қаша ма? Ал қашпаса, мынаусы несі? Ауғанның ГАЗ-66-лары бей-берекет түрде келген жолмен артқа қайта бастады. Хаос. Хаос? Соғыста ең үлкен қатер, ең үлкен дұшпан – хаос, паника, қорқақтық емес пе? Айтпақшы, біз не істейміз? Бізге біреу қайт дей ме, әлде біз де, машинаны бұрып, табанымызды жалтыратамыз ба? Біз, бұйрықпен жүретін, темір тәртіпке бағынған советтің солдаттары, қашамыз ба? Күні ертең Дәурен, Нартай, Ілияс достарымның бетіне қалай қараймын! Күншіл кавказ досым – түйедей өңкиген Иса Мамчуев оларды «қазақ қорқақ» деп мазақ қып күндіз — түн күлкіден айырады ғой. Менің кесірімнен. Менің кесірімнен? Қ-қты жепті Мамчуев! Мазақтатпаймын. Кім айтты Мұхтар қашады деп… Оқ атысы жақындап, жиілеп, машинаның бронясына бірді –екілі оқ шақ-шақ етіп тие бастады.
— Штырев!!! (БМП-мыздың жүргізушісі, москвалық, жас солдат) Бар, машинаның рациясы арқылы ротамен байланысқа шық! Мына бәлелер қашып бара жатыр, біз не істейік, сұра! Тез кетпесек, жалғыз қалып барамыз деп айт!
Күтудеміз. Машина оталып тұр, біз үстіндеміз. Жүріп кетуге дайынбыз. Сол жақтағы жақын орналасқан дувалға кіріп, дұшпан бізді кәдімгідей атқылай бастады. Демек, бірер минуттан соң оң жақтағы дувал да бізді жоқ қылуға кіріседі. Ал жолдың арғы бетіндегі дувалдарға душман жетсе болды, толық қоршауға түсеміз. Гранатометтан бір –екі атып, БМП-ны жарса, біздер… Екі-үш минуттан соң Штырев люктан басын шығарып: «Байланыс жоқ – өте күшті кедергілер, қатты пышылдан дым естілмейді» — деді. Мммм…. Демек, дайындалған. Арнайы радиокедергіге дейін әзірлігі бар. Ауған өкімет әскерінің соңғы машинасы жолға шыға бергенде, мен оп-оңай, бейне бір жүз жыл соғысып жүрген адамдай, еш күмансыз шешім қабылдадым: -Айда!!! Ешқандай бұйрықтың қажеті жоқ! Кетеміз!!! Екі дувалдан біздерге қарсы оқ қалыңдап бара жатқан соң, Хашимычтар да жауап бере бастаған. Кәдімгі атыс басталып кетті. Бірақ онша қобалжу жоқ – тағы бір сәтте машина теп-тегіс жолға шығады да біздерді мына от-тозақтан алып шығады. Енді бір сәт –біз теп-тегіс жолға шығамыз да – құстай ұшамыз, жаудан құтыламыз. Енді бір сәт… Сәл ғана… Бірақ… Штырев жас солдат қой. Тәжірибесі жоқ. Әдетте БМП бір орнында бұрылып айнала алады. Бірақ асты асфальт не тегіс тастақ болса. Топырақты жерде өйтуге болмайды. Гусеницасы –шынжыр табаны – шығып кетуі мүмкін. Штырев мына қарбаластан тез шығайық деп ойлады ма, әлде қоршауға стүсіп қаламыз деп қорықты ма — асығып, машинаны бір орнында бұрып жіберді. Сол жақ гусеница шешіліп, тұрған орнында қалып кетті… Міне, енді.. Анық құрыдық. Бұл соғыста дұшмандар жаяу әскерге қарсы миналарды өте жиі пайдаланатын. Көптеген солдат бір аяғынан айрылып, мүгедек боп үйіне қайтатын. Мен осындай мүгедектіктен өлердей қорқатынмын. «Е құдай, соғыста өлу бұйырған болса, өлейін. Бірақ өлмесем, үйіме аяқ — қолым түгел жетейінші»- деп жалынушы едім. Сөйтсем, одан да үрейлісі бар екен – қоршауда қалып, тұтқынға түсу. Машинаға гусеницаны қайта салуды Штырев білмесе, басқа ешкім білмейді, және ол да білмеуі мүмкін. Оның үстіне, мынадай жанталаста, оқ қардай жауып тұрғанда гусеницаны бар боймен тұрып жүріп істеу мүмкін бе- сол жақтағы дувал мен арадағы қашықтық – 50 метр ғана – гусеницаны істеймін деген адам бір секундта бір емес, жүз оқты ұстап алатыны сөзсіз. Кім жүз пайыз өлімге барады? Не амал? Байланыс жоқ. Жәрдем шақыра алмаймыз. Еш үміт жоқ. Қорғанамыз дегеннің өзінде, оқ-дәрі көп болса жарты сағатқа жетер. Оқ таусылған соң не істейміз? Не істеймін? Осы сәт мен оп-оңай, бейне бір жүз жыл соғысып жүрген адамдай, еш күмансыз шешім қабылдадым.
-Хашимыч! Гранатометті ал да сол жақтағы орға түс! Артур! «Утеспен» оң жақ орға түс! Бізді қорғаңдар! Штырев! Кеттік! Гусеницаны саламыз! Қанды көйлек қарулас достарым, Артур, Хашимыч (аты Юсуф қой – ферғананың өзбегі), Бойков екі айтқызған жоқ – секіріп түсіп, өз адамдарын ертіп, айтылған орларға жайғасып, қорғанысты бастады. Қорыққан жоқ. Сасқан жоқ. Қашқан жоқ. Біреудің артына тығылған жоқ. (Аман ба екенсіңдер, бар ма екенсіңдер, мақтаныштарым, асыл достарым. Мен сендерге о дүние бұ дүниеде разымын). Ал біз Штырев екеуміз гусеницаны орнына салуға кірістік. Абырой болғанда, Штырев бұл тірлікті қалай істеу керек екенін теория жүзінде, яғни ауызша біледі екен. Бұған да шүкір. Сөйтсем, ауылдағы «белсебеттің» шынжырының принципі. Үлкен, басты дискті босатып, артқа жылжытамыз. Гусеницаны тістеріне кигіземіз. Сосын дискті қайтадан кереміз. Болды! Осы-ақ. Жанталаса асығып, істеп жатырмыз. Әрине, душмандар ақымақ емес — окоптарда жатқан Святун, Бойков, Хашимыч, Артур, Улығбек, Болатты емес, ашық, бар бойымен тұрып жүгіріп жүрген біздер — Штырев екеумізге оқты жаудыруда. Хашимычтар бізді қорғау үшін барын салып жатыр – атыс даусынан –ақ білесің – автоматты гранатомет тартылдап, «Утес» гүркілдеп тұр – жігіттер дұшмандарды бұқтырып, бізге жауған оқ тасқынын азайтуға бар күшін салуда. «Тез бол, Штырев, тезірек! Әкел мен салайын, әкел маған бер, менің күшім жетеді»… БМП –ның бар денесі — жасыл түс қой. Шаққ-шаққ етіп оқтар тиіп жатыр броняға… Быжж, быжж етсе — тимей, далаға кеткен оқ, дзың-дзың етсе — тиіп –қашқан рикошет. Әр оқ тиген жерден жасыл бояу кетіп, аппақ жылтыр ойық қалады. Жүз, екі жүз – ажал-дақтарының саны сәт санап көбеюде. Кейде қолымды бір сәт бұрын алған жерге оқ шаққ ете қалады, жарқ еткен жылтыр күміс ойықты көргенде ғана, біреулердің бізді өлтірмек ойы бар екенін сезінесің. Әйтпесе, оны ойлауға уақыт жоқ. Осы сәттегі мені билеген сезім: мен он тоғыздағы Мұхтар емеспін. Мен жүздеген соғысқа қатысқан, жүздеген жыл соғысқан тәжірибелі о дүние мен бұ дүниеде қатар жүрген жауынгермін. Қорқыныш, діріл –қалтыл жоқ. Қорқар едім. Жаспын, адаммын, қорыққым келеді. Тек, қорқайын десем, оның ар жағы одан мың есе қорқыныштырақ қой. Сондықтан таудай үлкен Қорқыныш – тұтқынға түсуден құтылу үшін кішілеу Қорқыныш — сабалаған сансыз оқтың астында, Ажалмен арпалыса жүріп гусеницаны орнына салуға мәжбүрмін. «Қорқудың өзінен қорқасың» деген сөздерім осындай сәттерде пайда болған. Оның үстіне, Штырев менің қорықпағанымды көрген соң ғана, маған сеніп қана оқтың өтінде жүгіріп жүр. Мен үріксем, Штырев тірлікті бітірмейді, яғни, 4-взвод… ұрыста түгелімен ерлікпен қаза таба ма, әлде… тірілері тұтқынға түсе ме? Негізгі жұмысты Штырев жасап жатқан соң, оны барынша денеммен оқтан жабуға тырысып жатырмын. Оң жақтағы дувалдан атылып жатқан оққа қарап жатқан біз жоқ, олардан әзірге БМП-ның денесі қорған. Бүкіл дүние баяулатып айналдырып жатқан кинолента сияқты. Көздерім біз үшін арпалысқан достарыма да түседі, Штыревқа да қараймын, бояуларды ұшырып, ойып тұрып дақ қалдырып жатқан оқтардың іздеріне де қараймын. Міне, Штырев құлады. Бәсе, мыңдаған оқтың бір де бірі тимеуі мүмкін емес еді ғой. Ол өлсе, мен жалғастыруға тиіспін деген оймен қатарласа жан даусым шықты: «Штырев не болды, Штыреев!» Мен оның үстіне төнем дегенше, ол да тез тұрып кетті — жай сүрініп кеткен екен. Он бес минуттай уақытта гусеницаны бітірдік. Әлде он бес жыл ма… Сендер сенбесеңдер, сенбей-ақ қойыңдар. Түсінемін. Ашық, бар боймен жүгіріп жүріп, он бес – жиырма минуттай уақытта Штырев екеуміз, шақылдаған мың-сан оқтың астында, Ажалмен қол ұстасып брейк-данс билеп жүріп, гусеницаны орнына сала алдық. Куә – БМП–ның бауырындағы мен мұндалап жүректі үркітіп, жанды жауратқан, суық та сұсты жүздеген ойық-дақ. Бұл – шындық. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» деген рас-ау. Команда беріп, взводты машинаға отырғыздым. Қашпай, атыса шегіндік. Яғни, абыроймен ұрыс майданынан шығып, жолға шығып, жүріп кеттік.
Бригадаға жеттік. Түнде. Взвод жайғасып, тынышталған соң қазақтар — Дәурен, Мұрат, Ілиястар жағып отырған Алауды тауып, жандарына отырдым. Анық қоршауды жарып шығартқан, бұзылған БМП-ны оқ астында жөндетіп, құтылып үлгірткен стресс оңай ма, жан-жүрегім әлі алай-дүлей. Башқұрт Идрис Мухамеджанов бәріміз жақсы көретін «Колокола» әнін айтып отыр. Гитарамен. Жаңа ғана жүз пайыз өлімнен құтылдым. Ажалдан құтылдым. Қоршауды бұзып шықтым. Сонша қырғында бір солдатым жаралы болмай, аман-сау жеттім. «Мұхтар, не болды, аман келдің бе деп тым болмаса неге Дәурен досым сұрамайды!! Қазақ емес пе». Көзіме жас келді. Дәуренге жалт қарадым. Тіке қарадым. Айтып тастамақшы болдым. Не деген тасжүрек едің, Дәурен, бүйтіп дос болмай-ақ қояйық, — дегім келді. Сөйтсем… Оның көзінде де… Жас. Мөлдір тамшы… Техтың Дәурені, мызғымас Дәурен, қазақ намысының қорғаны Дәуреннің… көзінде жас? Сөйтсем, бұл жерде де ұрыс боп, үш-төрт жігіт қаза тапқан екен. Сөйтсем, бұл қахарлы түн – менің ғана емес, әркімнің -ақ өз қоршауынан шыққан түні екен.. Еее, Заман.. Осылай болған… Тек, көңлімді мазалаған бір ой бар. Штыревты жиі және қатты ұрсушы едім, ұрушы едім. Қан майданда, сын сәтте, осы орыстың баласы оқтан қорықпайтынын, достары үшін өз басын оққа тіге алатын жүрек жұтқан жанкешті екенін көрсетті. Ал мен білмеппін, жиі қолым тиетін. Кешір мені, Штырев… Тірі болсаң, жүрген шығарсың Мәскеуіңде. Аман бол. Көре қалсаң, Савиновқа да сәлем айт — кешірсін. Аман болыңдар, Хашимыч, Артур, Штырев, Бойков, Улугбек, Шаубасов, Святун, Макарчук!
Қызыл Жұлдыз орденінің кавалері
Мүхтар Мұхамбетжан