САУЫСҚАННЫҢ САНДЫРАҒЫ
Ана Путиннің жеке меншік “сауысқаны” жұрналист Соловьев американ президенті Трамптың Украинаға “томагавк” ракеталарын берем дегеніне кәдімгідей долданып, тележәшігінде паника көтеріп жатыр. Соловьевтің әдетте телехабарда өз сөздерін емес, Кремль басшыларының көңіл-күйі мен ауанын суреттейтінін ескерсек, Кремльдегі империяны қалпына келтіруді аңсаушы хунта американның украинға “томагавк берем” деген ниетінен қатты шошынып қалған сияқты. “Шетелдік елшілер: “украинға біз берген ракеталарды олардың кімге қарсы қолданатыны бізге қызық емес” — дейді. Мәссаған! Қызық емес болса, бере бер.. Үш-төрт күннен соң Жарқ еткіземіз, сөйтіп украин ғана емес, бүкіл адамзат жер бетінен жоғалып кетсін. “Қызық еместің” көкесін сонда көресіңдер, елші мырзалар! Тіпті, Ұлыбритания аралын сол “қызық еместің” толқынымен жер бетінен шайлыып кетсе, адамзаттың көпшілігі әлбетте қуанар еді” — деп елірді Сауысқан Соловьев мырза. Ұлыбританияны жойып жіберсе, адамзат қуанады дегенде, бізден сұрамаған-ау- мен, мысалы, қуанбас едім, сондықтан сауысқан өз қызметін орындап, өсек тарқатуға тиіс шығар, бірақ мынадай арсыз өтірікті айтуы жүдә ұят… Ракетасыз-ақ “дүниежүзілік жеңілмес державаға” жұлқыса қарсыласып, өліспей-беріспей жатқан қайсар украин жігіттерінің қолына Алла кеңшілік етіп, 1500 км-ге ата алатын, бір тоннадай жарылғыш алып ұша алатын “Томагавктар” тие кетсе, майдан даласындағы арасалмақ мүлдем және күрт ауысып, “алабаймын”, “бөрібасармын”, украин менің алдымда “қанден” деп дандайсыған “ұлы ел” өзі қанденше қыңсылап кетуі еш ғажап емес. Бүгінгі күн өз елін, өз тілін, өздерінің “украин боп өмір сүру” құқығын қорғап жатқан украин жігіттері Батыстың шынайы адамшыл, парасатшыл, прогресшіл өркениетінің көмегімен сағат санап күшеюде. Ал “бөтенді еңкейтемін, мәжбүрлеп бас игіземін, сөйтіп тілі мен діліне, тарихына, ұл-қызына, жері мен байлығына егелік қыламын” — деп тал түсте көршісі — украинға бас салған агрессор басқыншы — Ресей мемлекеті күн санап әлсіреп, қауқары қақырауда. Шүкірлік. “Түйенің қомын жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде” деген қазаққа бұл ұлы қуаныш. Себебі ресейді украинға бас салдырған себептің бәрі бізде де бар. Құдай қағып, бзге емес, ресей украинға тиісті. Ал украин біздің алдымызда шынымен-ақ түйе- теңізге шығады. Халқы қырық бес миллион. Европаның іші. Артында Европа, оны артында Америка тұр. Соғыс бізге жетсе, бізге де дәл солай жақтасады деуге негіз жүдә аз, егер жоқ деп шынымызды айтқымыз келмесе. “Үш күнде” украинды басып алып, Киевте той тойлаймын” дегендердің бүгінде көкірегі басылған. Абайлап сөйлейтін болған. Лапылдаған ажал оты өшіп, бықсып қалған. Украинды басамыз демек түгілі, жеңеміз деудің өзі -бүгінгі Мәскеу фашизмі үшін — арман.
Әзірбайжанның Әлиеві айларға созылған текетіресте
алпауыт ресейдің импершіл басшысы Путинді жеңіп шықты!!!
Душанбеде өткен ортаазиялық елдер басшыларымен өткен кездесуде ресейлік Путин Әзірбайжан президентінің алдында 2024 жылдың желтоқсанында шешен астанасы Грозный аспанында оққа ұшқан әзірбайжанның жолаушылар ұшағы үшін ресейтараптың айыпты екенін мойындап, жария түрде кешірім сұрады. Бұған дейінгі түріктектінің бәріне деген өктемдік, өркөкіректік, ресей қалаларындағы әзірбайжан диаспорасының көрнекті өкілдерін ұрып-соғу, түрмеге тығу, өлтіру — келмеске кеткен сияқты. Украинмен соғыста ресей тарапының әлсірегені сонша, өзінен екі жүз есе кішкентай, бірақ қайтпай текетірескен әзірбайжаннан үркіп, оның алдында шындықты мойындауға мәжбүр болды. Шындықты мойындауға!! Бұған дейін одақтас республиалар үшін шындық шындық емес, ресейліктердің пікірі шындық болып келгені ешкімге құпия емес.
Авиакатастрофада орыс, қырғыз, қазақ, әзірбайжан азаматтары болған. Ресей құлаған ұшаққа кінаны өз мойнына алғысы келмей, әзірбайжан тарапына неше түрлі қысым жасап, оның шет жердегі газ өңдеу мүмкіндіктерін бомбалап, ресейдегі әзірбайжан диаспорасын қорлап, осындай жолмен Баку басшылығын үркітіп, оларды ресейден кешірім сұрату талаптарын ұмыттырмақ болды. Бірақ ресейлік тараптың бұл “көтензорлықтары” шүкірлік, ешқандай нәтиже бермеді. Баку сындарлы, өркениетті, батыл түрде Әділетті талап етуін қоймады. Міне,. сол төзім мен батырлықтың арқасында бүгін жеңіске қол жетті! Ресей өз айыбын мойындап, кешірім сұрап, қаза тапқан 38 адамның отбасыларывна төлемақы жасауға келісті. Әрине, Бакудің артында тырнағы теңізді қақ айыратын азулы “әпкесі” — “натоның пантерасы” — Түркия тұр. Басқыншылық соғыста абыройы дал-дал боп, экономикасы әбден қақыраған Ресей амал жоқ, бұрынғы “чуркаларға” арналған өзінің “өктемшілдік” алгоритмін өзгертіп, оларға адам ретінде, өзіне тең етіп қарап, адамша сөйлесуге МӘЖБҮР болып тұр. Өзгерген жоқ, жай ғана мәжбүр болған соң тең етіп тұрғаны анық. Ресей ешқашан имперлік ниеттен бас тартпайды, сондықтан түріктекті туыстар украин мен әзірбайжанның қайтпас-қайсарлығы, батылдығы, барлық отқа даярлығы сияқты өнерлерді үйренгені лазым.
Әділдкке емес, Ақшаға жүгінгендер осындай:
Украинаның Евроодаққа кіруіне де, НАТО-ға кіруіне де, украинға берілетін жәрдемнің көбеюіне де, Ресейге қарсы санкциялардың күшеюіне де қарсылық танытып, бүйректен сирақ шығарып, импершіл Путиннің тапсырмасын ыждахаттықпен орындап жүрген венгрдің басшысы Орбан мырза кенет бұрынғы позициясынан тайқып шыға келді: енді ол Евроодақтың Ресейден 2026-жылдың 1 -қаңтарынан газ алуды тоқтатуына қарсы емес!? Мәселе ресейлік сұйытылған табиғи газ СТГ туралы болып отыр. Трамп европалық елдерден ресейлік мұнай мен газды алуды тоқтатуды талап етіп отыр. Өздеріңе қарсы соғысқа қажетті ақшаны ресейге өздерің беріп отырсыңдар -дейді ол.. Евроодақ газ алуға тиым сала алмай отыр — тиым үшін жүз пайыз дауыс- консенсус керек. Ал бірақ осыған дейін бұл Венгрия мен Словакияның қарсылығынан бұл мүмкін емес болып келді . Бұдан соң ресейлік СТГ-дың евронарықтан кетуіне қарсы болатын ел — тек Словакия. Трамп көке оның да ебін табатынына күман аз.
МҰХТАР МҰХАМБЕТЖАН
