ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ — НҰРЫ ТАСЫСЫН
2019 жылдың күзінде №31 деп аталатын лагерьге түстім. Жүдеңкі, сұрқай тартқан, бояуы кепкен, қурап қалған тал сияқты әлем екен. Қызметкерлері дұшпандық пейілмен, жауыздық қанішерлікпен қарсы алды. Келген адамдардың бәрін бір бөлмеге кіргізіп, жаппай таяққа жығып, үркітіп — қорқытып, ақырып — бақыртып жатты. Мейлі, қылмыскерді аяу керек деп айта алмайсың ғой. Ал менің жазықсыз екенімді, мені жауыз прокурорлар мен жауыз судьялар жалған айыппен түрмеге тыққанын бұлар білмейді гой –дедім. Сондықтан зонадағы милиция қызметкерлерін өзіме дұшпан санаған жоқпын. Кез келген малды күзету үшін ит қояды. Бұлар сол қылмыскерлерді бір жерге қамап, шығармай, бекітілген тәртіптің орындалуын талап етіп үретін иттердің ролінде ғой. Ал итті үргені үшін айыпты деуге болмайды – ол сол тірлік үшін жаратылған. Менің қолтаңбамды қолдан жасап қойған жауыз прокурорлар мен соны біле тұра жалған үкім шығарған кәззап судьяны осында әкеп қамаса, бұл милиция оларға да дәл осылай үретін еді. Себебі бұлардың бар қызметі – Қылмыстық –атқару жүйесінде (ҚАЖ) тәртіпті қамтамасыз ету. Бұларға басқа ештеңе қажет емес. Ал сен бұған дейін халық батыры болдың ба, жауыз болдың ба, кішкентай балдарды зорладың ба –бұларға бәрібір, түкіргені бар. Түстің бе – режимнің шарттарын орындауың керек. Азанғы алтыда тұрғызады. Тұра салысымен жуынбай, туалетке кірмей, денешынықтыруға саппен тұра жүгіруің керек. Дәрет қысып тұрған адам денешынықтыруды қайтсін, бірақ бұл мәселе бұл жерде ешкімді қызықтырмайды. Денешынықтырудан соң таңғы ас. Ас дегенде кішкене тостақтың түбінде қасыққа зорға ілінетін бір нәрсе. Буханка нанның үштен бірі қолыңа тиеді. Тек сол нан ғана ауызға ілінеді. Сары май –сіріңкенің төрттен біріндей. Жұмырға жұқ болмайды. Түскі аста бірінші мен екіншіні, үшіншіні бір тостаққа құйсаң, жартысын да толтыра алмайды. Түскі астан соң столда нанның үгіні де қалмайды –зэктер жеп қояды. Аштық. Кәдімгі аштық. Сырттан тамақ келтірмейді. Екі айда бір –ақ рет кіргізуге болады -20 кг. Ол қанша күнге кімге жетер дейсің. Сондықтан қолдан жасалған аштық демеуге амал жоқ. Витамин жетіспеушілігі көзге ұрып тұрады. Адамдар азып-тозған, арып-аршыған. Асханада істейтін таныс жігітке төрт дана темекі беріп бір буханка нан ұрлатып аламыз. Бірақ ол нанның өзін танысымыз шарбаққа жеткізеді, ал темір шарбақтан өткізу, оны бөлмеге жеткізу, оны жеп үлгіру – өз алдына әрқайсысы бір тауқымет. Себебі шарбақтың қақпасында ел «ешкі» дейтін милицияның ерікті көмекшілері — сотталғандар тұрады. Оларды зэктер жек көреді. Отан соғысының кезінде фашистерге қызмет еткен полицейлерді халық қалай жек көрсе, зектердің де ешкілерге деген көзқарасы сондай. Бірақ олар да зэкті жақтырып тұрған жоқ, әрине. Қолымен де, көзімен де тіміскілеп, қақпадан әр адамды бір-бірлеп өткізеді. Киіміңнен нан табылса — бәлеге қалдым дей бер. Опер, режимник дегендер бар –солардан армансыз таяқ жейсің. Біздің балдар ешкілер мен менттердің (милиция қызметкерлері) менен аяқ тартатынын себеп қылып, әлгі ұрланған нанды маған өткіздіреді. Ауған соғысында жаздың күні Хайбер асуында қалың қардың астында, қақаған 20 градус аязда екі күн қиналғанымыз бар. Екі түн жаздың киімімен осындай қарда ұйықтадық. Ішімнің сол жағының нервілеріне ме, суық тиген болу керек. Содан бері беліме не сүлгі, не шарф байлап жүретін әдетім бар. Бұған да шүкірлік. Себебі сол екі түнде талай жігіт үсіп, аяғы мен қолының саусақтарынан, құлақтарынан айрылған еді. 2019 жылы мені әкеліп СИЗО-ға қамағанда белге байлауға алдырған, әлі күн өзімде, шарфым бар. Күндіз мойныма, түнде беліме жылу беретін универсал дүниемнің үшінші қасиеті де пайда болды — нанды ұзынынан екіге жарып, шарфтың астына салып, беліме байлаймын. Соғыстан кейін спорттан босамаған денем ғой — кеудем кең, белім жіңішке. Ана наны бар шарфты байлаған кезде, шығыңқы боп көзге түспейді, қайта белім жуандап, өзім қатар жігіттердің «қарынбай» формасына түсем. Жүдә бір псих ешкі болмаса, есі дұрыстары маған тиінуге тартынады. Бірақ ол нанды да он күннен артық жеген жоқпыз. Нанды ұрлап бізге жеткізіп жүрген Қошқарымыз ұсталып қалды. Сырттан келген 20 кг сәлемдемедегі өрік, немесе жержаңғақтың бір дәнегі жерге түсе кетсе, алып, кейін жейміз деп тығып қоятын заман. Мен әйеліме айтып аптекалық балық майын әкелдіріп алдым – капсулада –күш береді ғой деген оймен. 2021 жылы ма, анық айта алмаймын, мекеме бастығы кетіп, орнына оның орынбасары Жүнісбеков Бақытжан бастық болды. Мейлі, бастық ауысқаннан бізге келіп –кетері бар ма, онша назар аударған жоқпыз: концлагерде жақсылық күтудің өзі – ерсі қылық емес пе? Бірақ екі күннен соң асханада қара нан емес, ақ нан берді. Таң қалдық. Қалай? Әлде, қара нан таусылған соң, ақ нанды сырттан сатып әкеліп, уақытша қоя салды ма екен? Сөйтсек, ертеңінде де, аргүні де солай –ақ нан?! Және, баршылық –сұрап алуға болады! Тағы бір екі күнде тостақтар толды. Горохтың сорпасында тостақтың төрттен бірін ғана құйғанмен, оның өзінде бір де бір горохтың сау дәнегін таппайсың –ұнтағы болады әйтеуір. Ал енді тостаққа толтырып кәдімгі горохты салып беріп жатыр! Ел тойынды. Және өмір өзгерді. Қазақтың обал, әділет, үлкенді құрметтеу, адами қатынас, парасат деген қасиеттері зонада орын ала бастады. Бұдан режим, тәртіп бұзылған жоқ –тек зэктердің көңлінде «бізді жау көрмейді» деген үміт пайда болды. Бстықтың кабинетінің алдында өтінішпен кіретіндер көбейді. Мұның бәрі сол жаңа бастықтың имандылығы, адами ниеті, адамгершілік тұғырнамасының жемісі еді. Бірақ… Құдай емес, Ібіліс салтанат құрған мына Қазақстанда мұндай адамдар көп ғұмыр сүре ала ма? Зэктің тамағын ұрлап жеп қалған өңшең шибөрі мына өзгерісті кешіре ала ма? Система – ұрылардың, алаяқтардың, арсыздардың системасы емес пе? «Ешектің көтін жусаң да ақша тап» деп, қазақтың «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген киелі, мәрт, өр қағидасын боққа батырған система емес пе? Ақша үшін арын, намысын, әкесі мен анасын, руын, елін, Отанын сатқандардың системасы емес пе? Әй, Жүнісбеков… Ұзақ отыра алмайсың-ау.. Бізге сені қия қоймас бұлар… Ойымды айтуға қорықпаған Мұхтармын ғой… Кірдім. Айттым. Абайлаңыз дедім. Подстава жасап, арыз ұйымдастырып, құртуға тырысуы мүмкін, мен байқап жүрмін дедім. Бірақ арты таза адамның тірлігі белгілі ғой – «Мәке, өзім де, орынбасарларым да, тап-тазамыз, нық отырмыз. Бәрі дұрыс болады, бірақ, осылай жаныңыз ашып кіргеніңіз үшін сізге үлкен рахмет», -деді. Арада екі ай өтпей ұсталды. Жақсылығын, жылуын көріп, Жүнісбековтың арқасында нан жеген менттер мен зэктер қосылып «арыз» жазып, куә болды, қаматты. Иттер. Өздері Жүнісбековтың адамдығының алдында тарақан құрлы жоқ, бірақ қолдарына Ту ұстап, «Әділет» үшін күрескер болып шыға келді. Мұнафиқтар ғой. Таңғы тексерудегі сапта тұрғанбыз. Жаңағы өтірік «әділетшілдердің» кіржуғыда істейтін біреуі: «Мәке, айтыңызшы, менің жазығым жоқ қой, мен не қылдым, мен тек шындықты айттым ғой» — деп мені елдің көзінше өзіне қорған қылмақшы болды. Типа, мен де Мәкең сияқты әділет үшін күрестім демекші. «Сен опасызсың, өзіңе жақсылық жасағанды сатқан адамсың ғой, кәззаптық жасадың, несіне жасырасың оны» дегенмін. Әдеттегідей, сотта Жүнісбековтың уәждері есептелген жоқ. Қазақстан ғой. Алдымен тапсырма беріледі: мынаны мынадай статьямен жабыңдар деп. Сосын сол адамға «іс» құрастырыла бастайды. Сен қылмыскерсің бе, жоқ па, — ешкімге қызық емес. Бастыққа «тапсырмаңыз орындалды, Жүнісбеков қапаста» — деген рапортты уақтылы жіберу керек. Басқа иштеңенің қажеті жоқ. Болды. Дәл осы методпен Жақышевтар, Жақияновтар қамалып, Аблязовтар қудаланып жүр ғой. Бүгін Шымкенттің қоныс-колониясында менімен бірге Жүнісбеков те «жазасын» өтеуде. Бірақ Әділетсіз Қазақстанның репрессиялық системасы мәрт жігіттің тәнін түрмеге тықса да, Рухын сындыра алған жоқ. Бұл жерде де Жүнісбеков жақындаған жанға жоқ демей, ортаға түсіп, араша болып, жәрдем беріп, ақылын айтып, жарастырып жүреді. Зэк қауымына да, мент қауымына да сыйлы, абыройлы. Әділ. Елшіл. Кішіпейіл. Жүнісбеков – осындай Адам. Қиын кезде елге тірек болған абзал азамат. Әрқашан Аман бол дейміз, Иманды басшы, мәрт жігіт, парасатты тұлға!
Мұхтар Мұхамбетжан
.