Арыс қаласы, Сырдария елді мекеніндегі С.Адамбеков атындағы мектеп «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына енді. Осы жоба аясында мектептің 32 кабинеті мен қосымша білім беру студиялары толық жабдықталды.
Жобаның салтанатты таныстырылымына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, «Қазақстан халқына» қорының өкілдері мен ұстаздар қауымы қатысты.
Бұл бастама ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелерді енгізіп, білім сапасын арттыруға бағытталған. Мектеп заманауи интерактивті панельдермен, зертханалық жабдықтармен, STEM зертханасымен және робототехника кабинеттерімен қамтылды. Сабақ арасындағы үзілістерге арналған демалыс аймақтары да оқушылар үшін ыңғайлы әрі қызықты етіп жабдықталды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары қала әкімімен бірге Отырар тұрғын ауданындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысын аралады. Үш қабатты бұл білім ордасы заманауи стандарттарға сай жабдықталып, табиғи газбен жылыту жүйесіне қосылады. Мектептің құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтау бойынша мердігерлерге нақты тапсырмалар берілді.