Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асуда
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 3 мектептің құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдалануға беріледі. Өңірде жалпы саны 29 мектеп салынып жатыр. Бұл білім ордаларында 20 мыңнан астам оқушыға заманауи талаптарға сай білім алуға мүмкіндік жасалады.
Мектептер құрылысы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған және ерекше қадағалауда тұр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс барысын пысықтап, жұмыстарды жедел әрі сапалы орындау жөнінде тапсырма берді.
– Басты назар сапада. Жұмыстардың уақытылы аяқталуы және жаңа мектептердің инфрақұрылым желілеріне қосылуы жіті қадағаланып, талаптарға сай болуы қажет, – деді әкім.
Жиын барысында облыс бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің өкілі Сәкен Әшірбаев мектептердің құрылысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін кестеге сәйкес барлық жоспарланған мектептер пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ жиналыста мердігерлердің жұмысы тыңдалып, тиісті тапсырмалар жүктелді. Әр мердігер мектептердің инфрақұрылымына байланысты жеке есеп берді.
Қазіргі таңда өңірде ұлттық жоба аясында салынған алғашқы мектеп іске қосылған. Жоспар бойынша қалған мектептер биылғы жылы аяқталмақ.