Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің өкілдері мен Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің делегациясы Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, «№1 облыстық перинаталдық орталығы» мекемесінің жұмысымен танысты.
Іссапар барысында Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің Ана денсаулығы басқармасының басшысы Шакизат Халықова, №1 перинаталдық орталықтың басшысы Салтанат Жабағиева және өзге де мамандар тәжікстандық мамандармен бірге орталықта тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізді.
Түркістан облысындағы №1 перинаталдық орталықта 600-ден астам қызметкер еңбек етеді. Орталық қауіп-қатер тобындағы 8 аудан үшін үшінші деңгейлік перинаталдық көмек көрсетеді. Орталықта соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар мен заманауи емдеу технологиялары кеңінен қолданылады.
2023 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен медициналық генетикалық бөлімше «Ұрықты қорғау орталығы» болып қайта құрылды. Сонымен қатар, 2024 жылғы 2 қыркүйектен бастап «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылды. Жоба аясында Түркістан облысы бойынша медициналық генетикалық қызмет көрсетіледі.
Бұл жоба нақты генетикалық диагноз қоюға бағытталған. Сондай-ақ, туа біткен кемістіктері бар балаларды ерте анықтап, оның алдын алу мүмкіндігін арттыратын жаңа әдістер жүзеге асырылды. Бұл бастама арқылы туа біткен және тұқым қуалайтын аурулардың алдын алып, балалық шақтағы аурушаңдық пен мүгедектік деңгейін төмендету көзделіп отыр.