Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы бағыттағы көрсеткіштер мен шешілуі тиіс мәселелер Түркістан облысы әкімінің аппаратының апталық мәжілісінде қаралды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығын өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі деп атап, сала басшыларына және аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейту туралы нақты тапсырмалар берді.
– Ауыл шаруашылығы өнімін ұлғайту индикаторы толық орындалуы тиіс. Бұл үшін салаға инвестиция тарту, өсімдік және мал шаруашылығында өнімді арттыру, техникалық паркті жаңарту бағытында жұмыстарды күшейту қажет. Сонымен қатар, су тапшылығы мәселесін ескере отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды. Тапсырмаларды орындамаған басшыларға тиісті шаралар қолданылады. Әрбір индикатор елдің әлеуметтік жағдайына әсер ететінін ұмытпау керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың мәліметінше, 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 105,8 пайызға өсіп, 957,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Өсімдік шаруашылығы бағытында:
- Дәнді дақылдар 1,3 есе артып, 1 061,1 мың тонна жиналды;
- Картоп 115 пайызға жетіп, 330,1 мың тонна өндірілді;
- Көкөніс 103 пайызға өсіп, 1 231 мың тонна құрады;
- Бақша дақылдары 114 пайызға артып, 1 967 мың тонна жиналды;
- Малазықтық дақылдар 111 пайызға жетіп, 5,5 млн тонна өндірілді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жоспары 6,5 пайыз деңгейінде орындалып, 1 655 жаңа техника сатып алынды.
Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 130 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артып, 145,7 пайызды құрады. Сонымен қатар, тамақ өнеркәсібінің негізгі капиталына 22,7 млрд теңге инвестиция салынып, 1,9 есе өсім байқалды (186,9 %).
Жыл басында бекітілген 16 негізгі даму көрсеткіштері бойынша тұрақты рейтингтік бағалау жүргізілуде. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы даму қарқынын айқындап, екі еселенген өнім көлеміне жақындауға мүмкіндік береді.
Дегенмен, су тапшылығы мен техникалық жаңғырту қажеттілігі басты мәселелер қатарында қалып отыр. Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасуда.