Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы құрылмақ. Бұл бастама облыс әкімі Ермек Көшербаевтың жетекшілігімен және өңірдегі қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Жаңа ұйымның негізгі мақсаты – ауа сапасына қатысты мәселелерді шешу арқылы өскемендіктердің өмір сүру жағдайын жақсарту.
Ұйым аясында қаланың әр ауданында атмосфералық ауа сапасын бақылайтын құрылғылар орнату, оларды дұрыс жұмыс істеуі үшін калибрлеу, кәсіпорындардың сүзгі жүйелерін жетілдіру, қолданылып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау және жаңа ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғындарды экологиялық қауіптер мен оларды азайту жолдары туралы ақпараттандыруға бағытталған білім беру бағдарламаларын іске асыру көзделіп отыр. Экологиялық стандарттардың сақталуын бақылау да бюроның маңызды міндеттерінің бірі болмақ.
Ермек Көшербаев бюроның негізгі міндеттерінің бірі ретінде экологиялық жобаларды жүзеге асыруды жылдамдату және оның жол картасын әзірлеу қажеттілігін атап өтті.
– Бұрын да қоғамның, мемлекеттік органдар мен табиғатты пайдаланушылар арасындағы тиімді байланыс тетіктерінің маңыздылығын атап өткен едім. Экобелсенділер мемлекеттік органдармен және кәсіпорындармен ынтымақтаса отырып, шешімдер іздейтін болады. Бұл жерде қоғамдық бақылаудың күшеюі аса маңызды. Әрбір тұрғын осы ұйымның заңды мүшесі ретінде әрекет ете алады. Әрине, өзгерістер бірден болмайды, бірақ бірлесе әрекет ете отырып, мақсатқа жетеміз, – деді облыс әкімі.
Қоғам өкілдері бұл бастаманы қолдап, өз ұсыныстарын жеткізді. Эколог маман Виталий Чернецкий датчиктер санын арттырып, оларды қала аумағында біркелкі орнатудың маңыздылығын айтты. Ол, әсіресе, жеке үйлер орналасқан аудандарда экологиялық мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Бюроны басқару ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, «ECOJER» қауымдастығының ШҚО филиалының жетекшісі Елена Березинская-Әбіловаға тапсырылды.
– Соңғы он жылда алғаш рет экологиялық жағдайды жан-жақты талқылау үшін экологтар мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен нақты шешім қабылданды. Қоғаммен белсенді байланыс орнатып, атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Елена Березинская-Әбілова.
Жаңа бюроның құрамына экология, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы мамандар кіретін болады. Сондай-ақ, бюро азаматтар, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық алаңына айналатыны күтілуде.