Түркістан облысы әкімдігінде ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған мәжіліс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты тұлғаларға жайылым жерлерді түгендеу, ветеринария жүйесін жетілдіру және салалық түйткілдерді шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжілісте Облыстық жер қатынастары және ветеринария басқармаларының, Жер ресурстары департаментінің, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы өкілдерінің есептері тыңдалды. Жұмыстарында олқылықтарға жол берген аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер айтылып, жұмысты жандандыру міндеттелді.
Облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, бірқатар аудандар мен қалаларда ауыл шаруашылығы кешені бойынша төрт бағытта зерделеу шаралары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде Ордабасы, Отырар, Сайрам, Шардара, Келес аудандары және Арыс қаласында салық төлеуден жалтару, мал басын дұрыс көрсетпеу, жерді тиімсіз пайдалану сынды мәселелер анықталды. Мал басы бойынша ресми деректер мен нақты есеп арасында елеулі айырмашылықтар бар екені тіркелді.
Жиын барысында пайдаланылмай жатқан немесе заңнаманы бұза отырып игеріліп жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, дерекқор базасын және ауылдық округ әкімдіктерінің жануарларды тіркеу құжаттарын сәйкестендіру бойынша нақты шаралар қолға алу міндеті қойылды. Сонымен қатар, ветеринария қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, олардың жауапкершілігін күшейту және мал басын нақты есепке алу мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды.
Бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру облыс экономикасының маңызды саласы болып табылатын ауыл шаруашылығының одан әрі дамуына ықпал етпек.