Мақтаарал ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 107 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы – 76,5 млрд теңге, құрылыс – 8 млрд 39 млн теңге, өнеркәсіп – 10,9 млрд теңге, ал сауда – 10,8 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 32,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 120,6%-ға өсті. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
Биыл диқандар 60,6 мың гектар жерге егіс еккен, оның 33,7 мың гектары мақтаға тиесілі. Нәтижесінде 90,4 мың тонна мақта жиналып, өнімділік 26,8 центнерді құрады. Ауданда 2024-2030 жылдары жалпы құны 94,1 млрд теңге болатын 53 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның ішінде мақта-тоқыма кластерін дамытуға 70 млрд теңгеге 8 ірі жоба жоспарланған. Бұл жобалар аясында 3 020 адам жұмыспен қамтылады.
Аудандағы инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Үлгілі ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы 600 орындық мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Атакент кентінде 1500 орындық мектептің құрылысы 2025 жылға жоспарланған. Халықтың осал топтарына арналған 87 тұрғын үй жыл соңында кезекте тұрған отбасыларға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында 5 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Ауданның барлық 68 елді мекені 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал 45 елді мекен немесе 66,1%-ы табиғи газға қосылған. «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы бойынша 20,7 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.