Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кезекті жалпы аудандық сенбілік өтті. Бұл іс-шараға 1500-ге жуық адам, соның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Сенбілік барысында мекемелерге бекітілген учаскелерде қоқыс орындары тазартылып, ауданның кіреберістері ретке келтірілді, шөптер шабылып, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды. Сондай-ақ, санитарлық тазалық жұмыстарымен қатар, арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, көгалдандыру мақсатында көшет егу жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімі Серік Мамытов санитарлық тазалық пен қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындардың бұл бағыттағы белсенділігін жоғары бағалады. Ол сондай-ақ аудандағы түнгі жарықшамдар мен қоғамдық орындардың сақталуына жанашырлық танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.