Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет өңір тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында азаматтардың өтініштері тыңдалып, жауапты сала басшыларымен және құзырлы органдармен бірге шешу жолдары қарастырылды.
Кездесуге келгендердің көпшілігі ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және білім салаларына қатысты мәселелерді көтерді. Облыс басшысы әр өтініштің хаттамаға енгізіліп, заң аясында шешілетінін айтты.
– Облысты дамытуда жергілікті тұрғындардың пікірлері өте маңызды. Әрбір мәселе орынды көтеріліп отыр. Жаңа бастамаларды қолдап, жұмыс орындарын ашамын деген азаматтарға әкімдік тарапынан заң шеңберінде көмек көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Созақ, Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Шардара аудандары мен Түркістан қаласынан келген тұрғындар жылыжай салуға жер беру, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ұсыну, балық шаруашылығына субсидия бөлу, қайтарымсыз грант алу, жер телімінің мақсатын өзгерту сияқты мәселелерді қозғады. Сонымен қатар суармалы жер, ағын су, тұрғын үй алу және жұмысқа орналасу туралы өтініштер айтылып, фильм түсіру бойынша ұсыныстар да талқыланды.
Дархан Сатыбалды әр мәселені мұқият зерделеуді тапсырып, кейбір өтініштерді сол жерде шешті.
Айта кету керек, облыс әкімі мен оның орынбасарлары өңір тұрғындарын жеке қабылдауды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.