Түркістан облыстық мәслихатында «AMANAT» партиясы фракциясының мәжілісі өтті
Бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжіліс залында Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті мәжілісі өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, фракция мүшелері, басқарма және департамент басшылары қатысты.
Жиында фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев төрағалық етіп, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы аясындағы Жол картасының орындалуы қаралды. Үмбетәлиевтің айтуынша, биыл орындалуы тиіс 126 тармақтың 81-і орындалған, ал қалғандары орындалуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Жол картасының іске асырылуына тоқталып, Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заң жобасының Парламент Мәжілісінде мақұлданғанын атап өтті. Ол өңірдің экономикасын көтеру бағытында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріліп, облыс экономикасына 1 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылғанын айтты.
Жиында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек Жол картасының орындалу барысы туралы хабарлады. Мәжіліс соңында Алтынсары Үмбетәлиев барлық қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтап, алғысын білдірді.
