Заман күн санап, емес, сағат санап өзгеруде. Мемлекетті емес, өз басын ойлаған ұрылар басқарған Қазақстан түгілі, шынайы мемлекетшілдіктің символы іспеттес байырғы елдер — Англия, Франция, Германия, Жапония сияқты алпауыттардың өзі заман қарқынына ілесе алмай қалу қаупін бастан кешіріп отыр.
Геосаяси ахуалды өзгертуі мүмкін әрекеттер:
- Жоқ жерде тулап шыға келетін жездеміз Трамп көке кенет саясатын ауыстырып, ендігі орыс-украин соғысының басталғаны үшін құрбандық Украинаны емес, жыртқыш Ресейді қаралай” бастады. Бұл үрдіс ұзаққа бара ма, әлде бұлаң еткен тағы бір түлкінің құйрығы ма? Трамп бар жерде, бәрі мүмкін. Мысал. “Жигули”- кішкентай машина. Көп жүкті көтере алмайды. Бірақ өте жүрдек, ширақ, қажет сәтте оң-солға жылт етіп бұрыла кетеді. Ал “Камаз фура” -үлкен, прицеп сүйреткен машина. Ондаған тонна жүк көтере алады. Бірақ жүрдек, ширақ емес, қажет сәтте оң-солға жылт етіп бұрылып кете алмайды. Ұлы ел Америка- әлгі камаз фура сияқты. Трамп — сол камаз фураның рулінде отырып, жигули сияқты жүрдек, ширақ болып, кез келген сәтте оң-солға бұрылып кеткісі келеді. Әрине, аударылып кетуі әбден мүмкін, тек мұны бұрын мемлекет басқарып көрмеген Трамп әлі түсінбейді. Бүгінге Трамп көке бұрынғы фашистік сипаттағы сөздері мен қимылдарын тоқтатып, ендігі Украинаны қолдап, тоқтап қалған әскери жәрдемді қайта жандандырып, жалғастырмақ ниетте. Өліспей беріспей, агрессорға бар қауқарымен қарсы тұрып, арыстанша арпалысып, тырнақтай жері үшін орыстың тонналап қанын төгіп жатқан украин әскері үшін бұл үлкен, сүйіншілі жаңалық. Себебі, Американың “патриот” ракеталарынсыз орыстар еш қымсынбай аюандықпен атқылап жатқан украин қалаларындағы бейбіт халықтың халі мүшкіл болмақ.
- Ресейдегі энергетика саласында жұмыс істейтін топ-менеджерлер құпия жағдайларда “қаза” бола бастады. Соңғы жағдай — ресейлік транспорт министрі Старовойтты дүйсенбі күні орыс президенті отставкаға жібереді, сол күні кешке ол өледі. Ал кейінгі паш болған мәліметтерге сай, Старовойт мырза сенбі күні кешке өліп үлгіріпті. Онда ресей басшылығына сенбі өлген Старовойтты жексенбі күні министрліктің “кеңесін” өткіздіріп, дүйсенбі отставкаға шығарып, одан соң “өлді” деп жария етуіне не себеп? Неге ресейліктер бұл өлімнен оттан қашқандай қашып, өз-өзінен шошып, өтірік алдап, әуре болуда? Және бұл алғашқы жұмбақ өлім емес. Бұған дейін, соңғы екі -үш айда он бес- жиырма шақты топ менеджер “жұмбақ өлім” жолымен өмірімен қош айтысты. Кім өлтіріп жатыр бұларды? Ресей сияқты жүз пайыз диктатуралы елде бандиттердің өзі жоқ боп кеткен шығар — өлтірсе, ФСБ дан басқа кім өлтіре алады? КҮДІК: бұл жұмбақ ажалдар соғыста жеңілетінін, демек қарымта әділ жазаның болуынан сескенген ресейлік басшылықтың алдын ала қылмыстарын әшкере ете алатын адамдардан құтылып, арттарын “тазалау” науқанының басталып кеткенінің дәлелі емес пе? Әлде, басқа версия бар ма?
- Таулы Қарабақты армяннан азат еткен Әзірбайжан Екатеринбургте және басқа жерлерде ұлты әзірбайжан кәсіпкерлерге погондылардың күшімен қырғын “крест жорығын” жасаған ресей басшылығымен тістесе кетті. “Жанға жан, қанға қан” деп, ресейліктердің әзірбайжан ұлтына істеген бәлекетіне дәл солай өз жеріндегі орыс азаматтарына қарымта әрекеттер жасауда және ресей басшылығын әзірбайжан ұлтына қарсы әрекеттер жасағаны үшін ашық наразылық білдіруде. Түріктің балдарынан мұндай өжеттік күтпеген, оларға өз құлындай қарап үйренген Ресей дереу Армян жеріндегі Гюмри қаласында орналасқан өз әскери базасына әскер және техника жинақтауда. Яғни, соққы беретін “жұдырық” дайындауда. Осындай ахуалда әзірбайжан басшысы Таулы Карабахтың орталығы — Ханкент қаласына түрік елдерінің басшыларын шақырды. Ресми себеп — экономикалық форум. Шын себеп — отаршыл ресейге түрік елдерінің бірлігі атты “айбат” көрсету сияқты. Оның үстіне бұл форумға қатысушылардың репеті де көңілге үміт ұялатады: саммитке Әзірбайжан, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан президенттері, Пәкістан премьер-министрі, Қазақстан премьер-министрі, Ауғанстан премьер-министрінің орынбасары, Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қатысты. Яғни түрік және парсы блогы. Тұран мен Иран. Иран, Ауғанстан мен Тәжікстан — парсы өркениеті, ал түрік, өзбек, қырғыз, қазақ, түркмен, әзірбайжан -түрік өркениеті. Әрине, қуантатын мәселе. Бұл не — ғасырлар бойы отарлық езгіден азап көріп, ендігі шынжырларын шарт үзіп бостандыққа шыққан түрік айғырларының бірігуі атты сүйіншілі хабар, түрік кеңістігінің саяси ренессансы ма әлде… іскер де ұйытқыш басшы — Әлиевтің ғана қолынан келген бірреттік “суретке түсу” ме? Бұлардың осылай жиналуы -тарихтағы алғашқы кездесу болғандықтан — онсыз да сүйінші сұрайтын меже. Ең биік шыңның басына шығу — ең пәстегі алғашқы қадамнан басталады, бұл кездесудің соңы -түрік конфедерациясы, ортақ әскер, ортақ валюта, ортақ заңдар болып жатса, кімнен кем едік…
- НАТО елдерінің өз ынжықтығын жеңіп, қорғаныс шығындарын 5 пайызға көтеруі, Украинаны қорғауда бұрын -соңды болмаған бірлік танытуы, НАТО-ның қорасынан шығып кете жаздаған Американың аптығын басып, қайтадан өз қазығын табуы, ресей экономикасының күрт нашарлауы, соғыс майданында ешқандай стратегиялық нәтижелерге жете алмауы- түрік елдерінің ынтымағының күшеюі — әлемнің саяси да, геосаяси да картасын өзгертетін құбылыстар деп константа белгісін қойдық. Мұхтар Мұхамбетжан
