• Home 2
  • Sample Page
  • Ақпараттық портал
Воскресенье, 13 сентября, 2026
  • Басты жаңалықтар
    • Тылсым Дүние
    • Әлем Жаңалықтары
  • Ноу-Хау
  • Қазақстан Жаңалықтары
  • Мәдениет
  • ОТ ӨМІРДЕН — ЕСТЕЛІКТЕР
  • Өлке Жаңалықтары
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Qogham
  • Басты жаңалықтар
    • Тылсым Дүние
    • Әлем Жаңалықтары
  • Ноу-Хау
  • Қазақстан Жаңалықтары
  • Мәдениет
  • ОТ ӨМІРДЕН — ЕСТЕЛІКТЕР
  • Өлке Жаңалықтары
  • Сұхбат
No Result
View All Result
qogham.kz
No Result
View All Result
Home Басты жаңалықтар

САТҚЫН ЕМЕС ЕДІ ОЛ-2

Мұхтар Мұхамбетжанның "соғыстың бір күні" атты естеліктер арнасынан

18.12.2025
in Басты жаңалықтар, ОТ ӨМІРДЕН - ЕСТЕЛІКТЕР
0
САТҚЫН ЕМЕС ЕДІ ОЛ-2
0
SHARES
385
VIEWS
Share on FacebookShare on Twitter

Атылу жазасының орындалуын күткеніме бір айдай болған кезде,  басшыларда маған деген талап пайда болды. Бұрындары тек  мазақ үшін намысты қорлайтын сөздерді айтқызғысы келсе, ендігі  шынымен-ақ бригаданың алдына шығып, плацта “иә, мен сатқын едім. Мені бір жол кешіріңдер, достар. Енді өз халқыма опасыздық жасап, шпион болмаймын, ұлтшылдықты қайталамаймын,  қылмысымды қаныммен жууға дайынмын” — деп айтуға көндіруді бастады. Филиппенко деген біздің ротаның прапоры келіп кетті. “Муха, жассың, өміріңнің бәрі алда, айт дегендерін айтып, құтылып кеткенің абзал, әйтпесе бұлар анық атып тастайтын ниетте жүр” — деп кетті. Рас па, әлде…  “Особый отдел” деген, біз қызығатын “песочник” атты форма киетін қызметкерлер бар. Ерекше тірліктермен, соның ішінде менікі сияқты “саяси”  тірліктермен айналысатын бөлім. Солардың да  біреуі келіп, әбден  жағдайды түсіндірген болып, аянбай үгіттеді..    «Валерий Леонтьев концерт қойған күні біздерді атқылап кейін қолға түскен он бір дұшпанның ішінде бір әйел бар еді, соны сен құтқарып, қамаудан шығарып, кишлакқа жеткізіп тастадың. Рас па?» -Рас . «Неге?» -Ол дұшпан емес, жай ғана әйел ғой, және емшектегі баласы бар Ана, оның не кінәсі болуы мүмкін?  Ойлаңызшы, сізде де, менде де ана бар ғой. Егер оны босатып жібермесем, азанда басқалармен бірге оны да сәбиімен қоса атып тастайтын еді ғой?!. «Жарайды, мораль жағынан сенікі дұрыс дейік, балам. Бірақ бұл шешімді сенің қабылдауға заңдық құқың жоқ қой. Ал түркі-мусылман жігіттерін жинап не үшін антисоветтік үгіт жүргіздің?»  -Ол қандай антисоветтік үгіт?  «Көрдің бе балам, сен өзіңнің не бүлдіріп жүргеніңді де білмейсің. Пәленбай күні пәленше солдаттың алдында бірінші палаткада “ауғанның әйелдерін, бала-шағаларын, малын атпаңдар, өртемеңдер. Тауда еркектермен еркекше соғысыңдар, ал қышлақтарға кіргенде бейбіт халыққа тимеңдер,  қорлап, зорлау, тонау дұрыс емес, қарасаңдаршы, Алланы Алла дейді, нанды нан дейді, біз сияқты жерге дастархан жазып, көрпешеде отырады — туысқан халық қой. Ресей империясы бір кездері бізді де осылай, қарудың, көптіктің күшімен басып алып, бостандығымызды аяққа таптап,   отар еткен. Енді міне, біздің күшімізбен ауған халқын отар етпекші. Біз, әрине, солдатпыз. Соғысуға тиіспіз.   Бірақ   тауда еркектермен еркекше соғысып,  қышлақтарда  бейбіт елге,  малға тимеуге, қорлап, тонамауға шамамыз жетеді ғой  дегенің рас па?»  -Рас. (сөздерімді қағазға қарап, бұлжытпай түгел оқып бергені  сонша, мезетінде қай жерде кімдерге айтқаным көз алдыма келе бестады).  -Мұның қай жері антисоветтік үгіт?” Бейбіт халыққа тимеу -советтің басты саясаты емес пе? Газеттерде соңғы үзім нан мен жұтым суды ауған халқымен  бөлісу туралы жазып жатқан жоқ па?  «Балам, мен менің емес, сенің жағдайыңды жеңілдету үшін келіп отырмын. Солдаттарға айтқан әңгімелеріңе қарасам,  жасыңа сай емес ерекше сауатты, ақылды адамсың. Ал айтып отырғаның мынау… Сен не жазылмайтын романтик-ақымақсың,  не мына спектакльді қасақана ойнап отырсың. Өлімнен бір ғана қадам бері тұрғанда спектакль ойнамайды адам деген, қайта өзін құтқару үшін қолдан келгенін істейді. Мен сені құтқаруға келіп отырмын, біле білсең.  Дәл қазір менің айтқанымды істесең, сен өіңнің нағыз совет патриоты екеніңді көрсетесің,саған комбригтің өзі жәрдем бермек. “Ерлігі үшін ” медалының біреуі емес, екеуіне  ұсынылған екенсің,  ол  ұсынымдар өзің білетіндей, мына жағдайға байланысты күшін жойған екен.  Бірақ ел алдында кешірім сұрасаң, комбригтің жеке өзі ұсынымдарды жаңғыртып, медальдарды көкірегіңе тағып,  әскерден соң Москвадағы оқу орындарының біріне қолдаухат жіберетін болды.  Ойлан, балам».   -Иа, ризамын, рахмет. Бірақ мен не үшін, кімнен кешірім сұрауым керек?  Мен сатқын емеспін. Ешқандай пакистандықты танымаймын,  шпиондықпен айналысқан жоқпын.  Мені солдаттардың бәрі біледі, сұраңыз,  ешқашан оңаша бөлініп ешқайда кетпегем, қалай мен шпион боп шығам?! Мен адал совет солдатымын.  «Егер совет солдаты болсаң, онда неге “біздерді орыстар күшпен басып алып, отар еткен” дедің. Тарихтан оқымадың ба?  Қазақ халқы Ресейге өз еркімен қосылған және бүгін де қазақтар Совет Одағында одақтас республика ретінде орыс халқымен тең правода өмір сүруде”. -Иа, осының бәріне сенгенім үшін адал совет солдаты ретінде қиындықтың бәріне төзіп, артта қалған төртінші взводты үздіктердің қатарына қосқан жоқпын ба?  «Балам, менің уақытым аз, қайтамын. Егер дұрыс ойға келіп, мен айтқан ұсынысқа келісем десең, гауптвахта бастығына айтсаң болды, қайтып келемін» деді де кетті.  Ол кеткен ооң біраздан соң қорқынышты, суық ойлар, — осы сергелдеңнің себептері жанымды жаурата бастады. Иәәә, қаншама рет қазақ,  өзбек, түркмен, әрірбайжан, қырғыз, қарақалпақтарды жиып алып,  ұлттар азаттығы туралы әңгіме қозғайтынмын. Дұрыс соғысу туралы әрқашан айтатынмын. Соғыс қанша ауырласа, біз сонша адамдыққа  жармасып, одан айрылып қалмауға ұмтылуымыз керек дейтін ем. Бүгін ойлаймын — оо құдай ай, мұнша ойларды, мұнша “философиялық-революциялық-алашордалық”  толғанымдарды бүгінгі күн емес,  бар болғаны жирмадағы жас кезімде  менің ойыма кім салды??? Бар  білімім — орта мектеп пен техникалық вуздың екі курсы емес пе? Тіпті білсем де адамдарды өз ойыма салу маған қажет пе еді?  Нем бар еді? Нем бар еді…  Не бәле ол сондайды айтпасам маған бір сәт тыныштық бермей сүйрелеп тұратын??  Қане, енді сүйресеңші, сүйрегіш болсаң… Нем бар еді мүгедек деген қағаз беріп Союзда қалдырам дегенде бүкіл госпитальдың қазағынан жылу жинап, пара беріп, “соғысқа жарайды” деген қағаз алып, Ауғанстанға қайта келіп??? Ақымақ болмасам, Құдайдың өзі құтқарып тұрған бәлекетке  қайта келіп басымды өзім сұққан жоқпын ба?. Енді міне.. Батырлық жасадым,  еркектік амал жасадым, достарымды соғыс даласында жалғыз тастап кетпей, қастарына қайта келдім деп жүрсем,  бұлар маған сатқынсың дейді… Әрине, қазақ-қырғыз, өзбек- қарақалпақ пен  әрзібайжанды жиғандықтан  — пантүркистпін. «Алланы Алла дейді, дініміз бір»  деген соң, — панисламист шығармын.  “Құлху аллаху ахаттан басқа ислам дүниесінен  дым білмейтін менің нем бар еді десей ислам туралы әңгіме қозғап? ” Ұсталған он бір дұшпанның біреуін, мейлі ол әйел, ана болсын — ешкімнен рұқсат сұрамай өз еркіммен жіберіп жіберсем — совет халқының жауы  болам ба?  Ал енді, басқасы басқа, Пакистанның шпионы деп не үшін айтты? Не себеп?  Кіммен не сөйлесіп қойдым екен осылай ойлайтындай… Бұған бірақ  басым жетпеді.   Және, менің үгітім  бос сөз болса екен… Олай болмады ғой. Әлгі Бутампур, Бушапур деген қышлақтардың  ішінде ұрыс болғанда,  солдаттар Бутампурда тірі адам қалдырмаңдар деген бұйрық алады. Бірақ оларда қышлақтар арасы анық емес, кейде жалғасып жатады. Осыдан қателескен, бірақ Бушапурда жүрген біздің бірінші взвод  кышлақта қырғын жасайды. Сонда осы взводта 9 өзбек, бір татар, бір орыс солдат болған, командирі, ұмытпасам,  лейтенант Поляков.  Қырып-жойыңдар деген бұйрықты Поляков, татар мен орыс солдат үшеуі ғана  орындап, тоғыз өзбек бұйрықты орындаудан бас тартады.  Бейбіт  ел — кемпір-шал, бала-шағаны өлтіруден бас тартады. Міне, “жас бала» Мұхтардың “бұтып-шатқанының”  реал нәтижесі. Бабаев деген өзбек солдат бар. Кейінірек сол айтқан, сенің сөздерің есімізде,  взвод командирі “бұйрықты орындамасаңдар атамын”  деп қорқытса да, тұрғындарды атпай тұрып алдық деп. Ана ерекше бөлім әрине, мұны да біледі, демек.  “Тоқылдақтар бар, абайлаңдар” — деуші еді қырғыз Мұхтар..  Білем, бар екенін. Бірақ ешқашан тоқылдақ мен туралы тоқылдап қояды,   сол тоқылдан  өзіме мұндай қауіп төнеді деген қорқыныш келмеген. Ақымақпын, сосын келмеген. Шындық үшін қудалауы мүмкін емес деген ұғымға қатып қалғам ғой, кемақыл басым.  Қатты жаурағам, бірақ қорқыныш, күйініш,  намысың жыртылды деп  шыңқылдап қоймаған қорлық сезім суықтан да қатты қинауда.  Жүрсең қалың да суық ауасын суды кесіп өткендей болатын енсіз қараңғы  камерада ары-бері теңселем. Ешкім көрмейтіндей,  коридорда  артық адам жоқ болса,  егіліп, еңкілдеп   жылап алам. Айқайлап жылағым келеді… Бара жерім, басар тауым, мұңымды шағатын қорғаным жоқ. Тәтем жоқ, апам жоқ. Достарым жоқ. Жалғызбын. Жалғыз… Жалғыздық…   Иа, айттым бәрін! Иә, балалы әйелді босаттым! Басқалар ойлағандай, шетке апарып, зорлап-зорлап атып тастаған жоқпын, қышлаққа жеткізіп жіберіп жібердім.   Иа, ақша бермегені үшін еркектерінен әйелдерін бөліп алып, көздерінше  атайын деп жатқан Лопатневты автоматпен ұрып қуып шығып,  төрт -бес әйелді ажалдан құтқардым!!!  Иа!!! Бұл да болған! Әйелдерін, аналарын құтқарғанымды көріп, шын екеніне көзі жеткен соң, олардың  қуаныштан дауыс шығара жылап, аяғыма жығылып рахмет айтқандағы маған бергені — буйволдың  сүті  пен жүгерінің қап-қара наны!! Жоқ қой оларда ақша, жоқ!! Есіктерінің орнына қара суықта қанар қап тұтып отырған бейшараларды ақшасы жоқ болса, әйел затын атып тастау керек па???    Жоқ, кешірім сұрамаймын!!  Лопатнев сияқты бір қорап темекінің құны үшін түгелдей семьяны жойып жібермекші болған сұмдар  шын солдат та,  мен жауызбын ба сонда???   Жоқ, кешірім сұрамаймын!!  Ал ана Лейла атты ақын әйелдің сөздері ше???  Фамилиясы есімде жоқ. Суруби ГЭС-і болу керек, әйтеуір  жолды бақылап  колонна өткізуге барғанда  дұшпандар  үнпарақтар шашып кеткен екен — орыс тілінде. Үнпарақта Лейла деген ауғанның ақын әйелінің өлеңі. Кішкентай баласын жұбатып отырып айтқан жалынды сөздері сүйегімнен өтті: “ұйқта балам бөбегім, ұшқан оқтың дауысын есітпеші. Әлі-ақ   басқыншы  елдің автомат кезенген соңғы солдаты елімізден  кеткен  бақытты сәтке жетерміз”…  Біз… басқыншымыз ба?  Біз көкірек көтереміз — жауынгер -интернационалиспіз, ауған халқына жәрдемге келдік деп. Ал ауған халқы… Не дейді???  Біздің кетуімізді армандауда ма? Біз сонда… Содан соң сұрай бастадым. Ауған әскерінің офицерлері мен солдаттарынан, бейбіт тұрғындардан —  сендер тұрған жерлерде “инкилабе  саур”, яғни “сәуір революциясы”  болды ма?  Болды деген адам таппадым. Демек, ауғанның басты газеті — “хакикате инкилабе саур” — апрель революциясының шындығы -туфта, өтірік пе? Революция емес,  тек Кабулдың президент сарайында болған бүлік емес пе?  Өлең жүрегіме ауыр тиді.   Жоқ, менікі дұрыс. Мен соғыспаймын деген жоқпын. Соғыспа деген жоқпын. Тек қана теңбе-тең, таулардағы соғыста аянба, ал елді мекендерде қарусыз елге оқ атпайық дедім. Ауғандардың қабірстандарын БМП-мен таптамайық дедім. Бекерге кек шақырып, мынадай қиянатпен жау санын көбейтпейік дедім.  Мұны тек солдаттар арасында емес, комбриг не оның орынбасарлары өткізетін сержанттар жиналыстарында да ашық айтып жүргем.  Бұл тірліктерімнің  дұрыс емес екеніне бүкіл Совет Одағы жабылса да, мені көндіре алмайды! Осылай өзіме-өзім күш беріп, қатаям, сосын жалғыздық қысып,  дуалдарды тебемін.  Сосын отырып алып,  үн шығармай, бірақ жан-дүниемде даусым Айға жетердей   айқайлап, “Алтын күн аспанын” айтам.  Сосын  ерсілі-қарсылы камераны кеземін..  Сосын қараңғы енсіз бөлмеде еденге отыра қалып, арқамды дуалға сүйеп, екі қолыммен бетімді басып,  жылаймын.   Әпшемнің үйінде магнитофоннан есіткен Мақпал Жүнісованың “жылжиды аққу, айдында, жылжымайды, мұңаяды, неге ол, тұнжырайды- сын” айтам. Өкініштісі -төрт -ақ қатарын білем. неге ғана жаттамағам түгелімен…   

  Күнде кешке карауыл ауысады. Карауыл бастығы қалай болуына байланысты менің де көрерім әртүрлі.  Тек қана ұрып-соғу, балағаттау, қорлау болды десем, әділетсіздік болар еді. Екі-үш рет  басқаша болған. Ондай сирек күндер карауыл бастығы постта тұрмаған  солдаттарды жинап, мені шақырып, бірге шай ішкізетін, тамақ жегізіп, фильтрлі сигарет ұсынатын. “Егер нағыз адамды, шынайы батырды көргілерің келсе, міне, алдыларыңда отыр. Жап-жас болса да, бүкіл  советтің жазалаушы системасына жалғыз өзі қарсы шығып, әлі берілмей отыр. Майысқан жоқ. Естеріңе атын сақтап алыңдар. Күндер бір күн уақыты келеді, сол кезде нағыз батырларды ел іздейді. Аттары тарихқа алтын әріптермен жазылатын болады. Сондай  батыр міне, қасымызда отыр. Мұның киіміне, сасық иісіне қарамаңдар. Мұның  жаны  таза. Рухы еркек”. Қыздан басқа барлық қызықты көрсететін. Сыртқа шығып, қол жуғышқа шамам келгенше шайынып алатынмын.  Сорлы басым,  фильтрлі темекі шегіп,  мұздай суға сабынданып  жуынып  алғаныма қуанатынмын. Және әлгі офицердің мені мақтап айтқан сөздері әжептәуір күш беретін.  Ал көпшілігі  келе салысымен, қайда ана «чурка казахская»-дан бастайды. “Кешірім сұрайсың ба, жоқ па” деп қинайды. Сұрамаймын, мен сатқын емеспін, —  деймін. Сосын  ұрып-соға бастайды. Сонша таяққа, сонша қорлыққа  қалай шыдағаныма бүгіндер басқа емес, өзім сене алмаймын. Кейде, бұл азапты сергелдең өмірімде болмаған да сияқты, тіпті бір қорқынышты түс сияқты ған көрінеді. Мұндай кездер күдіктеніп, миымды ақтарып, дәлелді, діңгек болар фактілерді іздей бастаймын. Сосын “иа, міне, мынадай сөз айтылды ғой, немесе мынадай оқиға болды ғой, Дәурен сен ана жақта отырғанда, — деп әңгімесінде айтты ғой, — демек- болған, және басқасының да бәрі рас онда”  деп көңлім орнына түседі.  Офицерлер модуліне апаратын көпірдің екі жағында судың  түбін таспен көмкеруге мені жібермей қойғанына бес-алты күн болған.   Бұған қуанып жүрген жоқпын —  ату жазасын  орындайтын уақыт жақындаған шығар деп  уайымдап жүрмін. Қазақтардан ешкім келе алмады. Өлетіндердің камерасында отырғандықтан, мені шығармайды, сондықтан  сыртта не боп жатқанынан бейхабармын. Тек туалетке шыққанда айдауылдардан сұраймын. Нұржан Бекжанов жіберді деген бір тәпелтек бала карауылға сәл жақындаған екен, карауыл бастығы қуып, артынан  пистолетпен  атып паника жасапты.  Яғни, маған ешкім келіп, менімен ешкім сөйлесе алмайды.  

                  Осы күн соңғы күнім деген ой келмеген. Бірақ соңғы күнім де келіп жетті, ол күн  ерекше болды.  Кешке караулды қабылдаған “начкар” (караул бастығы) шақырып алып, кешірім сұраудан бас тарттың деп әбден ұрды. «Смирно, тік тұр» деп тік тұрғызады да, күректей алақандарымен, екі бетіме құлаштап кезек -кезек ұрады. Алақанымен. “Шапалақ” беріп жатыр. Беттерім дуылдап, ашып, шыдатпай жатыр. Мұрным да, аузым да қанауда. Бірақ ол қояр емес. Мен қасарысып, жауап бермеген сайын, ол екіленіп, көзі ақиып…  Екі самайым солқылдап ауырып, шыдатпай барады. “Я чурка казахская” -деп айт. “Я — обезьяна казахская” деп айт!!!  “Обезьянаның қазақшасы қалай? Өз тіліңде “мен қазақтың маймылымын” деп айт!!! Қайтала!  Мен қарысып үн шығармаймын. «Ақыры өлтіреді. Ақыры атады. Сондықтан айтқанын істемегенім дұрыс. Тым болмаса абыройсыз, масқара боп өлді демесінші. Апам естіп, қорланып жыламасыншы. бауырларым Әбен мен Камила, Сейіт пен Әлишер, Кенже мен Ләззат, Сәуле мен Қапыш  біздің Мұхтар қорқақ болды деп ойламасыншы. Кластасым, асыл  досым Нұрлан Накипов Германияда қызмет етіп жүр. Хат жазып тұрады. Мектепте беске оқитын, төбелеске арласпайтын бала едім ғой. Нұрлан «сен армияға барма, ол жақта төбелесе білмейтін сен сияқтыларға қиын болады» — дейтін. Қорыққанымды есітсе, ол намыстанады ғой мен үшін. Енді сәл шыдасам, есімнен айрылам, сосын ұрмайды, сосын бірақ бәрібір ғой- ауырғанын сезбеген соң, ұрып жатыр ма, жоқ па -бәрібір… Тезірек есімнен айрылсам, иә, Нұрлан…  Тек сен айтқан төбелестен емес, саясаттан құрып барам… Сужүрек емес екенмін.  Осыны біл, Нұрлан… Үйіңе шақырып, мен үшін, маған ғана арнап  гитарамен ән айтып беретін ең ғой, Нұрлан…  Мен өлген соң, Нұрлан, кластастарға мені қорқақ болған, сатқын болған  деп айтқызба, саған сенем… Менде мұндай ойлар да таусылуда. Ал Начкар  ұруын қояр емес.  Бірақ Құдай осы жауыз-жендеттен құтқара алмағанмен,  маған кішкене айбат шегетін күш берді.  Кектесе ерегісіп, қанішерді тым болмаса мораль майданында жеңу үшін —  “Это ты -русская обезьяна.  Ал мен… Мен қазақ солдатымын!!!” Қатты айта алмадым, тамағым құрғап қалған, аузы- мұрным қан, мыңқылдап, зорға айттым, өкінішке орай. Бірақ айттым.  Қанішер есітті. Түсінді. Екіленіп, ызалана жұдырыққа көшті. Тағы бір — екі рет  “мен қазақ солдатымын ” деп үлгіргенім есімде. (менің сөздеріме жазылған Бағдат Алтаевтың әнінің не үшін “Қазақ солдаты” аталғанын міне, осы қазір айттым).

Есімді жисам, камерада жатыр екенмін.  Бетон еденде. Сол қолым денемнің астында қалып кетіпті, ұйып қалған, дуылдап барады. Начгуб- гаупвахта бастығы жұлқып есімді жидырып жатыр екен.   “Тұр, Мухамеджанов. Сені қазір үлкен камераға көшірем. Қолыңа Устав берем. Оқисың, даярланасың. Ертең  Комбригтің саяси орынбасары  —  Нач По-ға кіресің. Ол саған Уставтан кез келген үш сұрақ қояды. Дұрыс жауап берсең, онда комбригтің өзіне кіресің. Ол да үш сұрақ қояды. Оған да дұрыс жауап бере алсаң,  сен гаупвахтадан бостандыққа шығасың”.   Басым бас емес, ауыр шар сияқты. Құлағым толған гуіл. Көзім қарауытып, алдымдағы дүние  бір бұлдыраса,  бір анық көрінеді. Бірақ ақ түйенің қарны жарылып, мына сергелдеңнен құтылуға саңылау ашылғанын түсініп тұрмын. Сүйрелеп, үлкен камераға апарды.  Матрас төседі. Свет жақты!!! Қолыма қалың кітап — Совет Армиясының Уставын берді. Әдетте, сорпа ішетін ыдыстың қақпағына сорпаның суын құйып, мә іш деп, қолымды созсам қақпақты төңкеріп, ішіндегісін  төгіп, соған  мәз болатын начгуб ыстық қант салынған шай берді. О, құдай… Шынымен бе…  Устав, әрине — үлкен кітап.  Бірақ ол үлкен кітап болса, мен алтын медальға мектеп бітірген Мухтар Мухамеджановпын ғой. Кітапқа шамам -анық жетеді. Басымның ауырғанына назар аударуды қойдым. Түннің бір уағына дейін Уставты төңкердім- негізінен білемін, бірақ әсіресе цифрлар бар жерлерді қайта зерделедім. Жаттадым, Бақылау пункті деп аталтын мұнара ше? Соның биіктігі, ені, дуалының қалыңдығы сияқты нормативтерді  жаттап жатқаным есімде. Ереңіне күндіз де осы устав зерделеумен болдым. Кеш болуға айналды. Шақырған ешкім жоқ. Енді үмітім үзілуге шақ қап, кезекті өтірік екен-ау, әшейін мені осылай мазақ етуді ұйғарған болар деген ойға көнуге сәл қалғанда, кешке қарай бол-болдың астына алып, дұрыс киім кигізіп, штабқа апарды. НачПоға кіргізді. Ол шынымен-ақ үш сұрақ қойды. Үшеуіне де автоматтың оғындай сатырлатып жауап бердім. Риза болды. Оң баға берді. Сосын комбригке кіргізді. Полковник Жариков…  Баяғы комбриг Посохов орнында болса, нағыз әкеміздей кісі еді, мені ол кісі ату жазасына бұйырмас еді-ау… Деп тұрғанда, қағаздан басын көтеріп, Жариков маған  бұрылды.  Қасымда начгуб тұр. Уставтан сұрақ қоймады. “Гаупвахтада сержант Мухамеджанов өзін қалай ұстады, тәртіп сақтады ма?” — деп сұрады начгубтан. “Маймыл,  қанішер, хулиган, чурка” деп күнде мың қарғанатын, менен мың рет боқтау есітетін  начгуб сайрап қоя бермесі бар ма: -”гаупвахтада болған кезінде сержант Мухамеджанов өзін тек үздік жақсы жағынан танытты, жолдас полковник!! Саптық даярлықта  саптық қадамнан басқаларға үлгі, бізге саяси информация сағатын өткізуге барынша жәрдем беріп жүреді, бір рет те ішкі тәртіпті бұзбады!!!”  Мен бе? Мынау мен туралы айтып тұр ма? Рас па? Рас екен. Жолдас прапорщик! Сержант Мухамеджановты рота командиріне тапсырып кетіңіз -қызметін жалғастырсын”.  Бұл сөзді де есітетін күн бар екен-ау, Алла…  Рота командирі бұл  уақытта, әрине, мен екі жағын күні бойы таспен көмкеретін әйгілі көпірдің ар жағында, офицерлер модулінде болар.  Бұл кез түн боп, бригада ұйқыға жатып жатқан кез. Бостандыққа шықты деген сөзді есіткенмен,  бәрібір әдеттегідей бес солдат қоршап,  автомат кезеніп әкеле жатыр. Коридор. Желең, гимнастеркамен жүрген офицерлер біреуі шошына, біреуі үрке, біреуі жиіркене қарап кетіп жатыр. Бір есікті тақылдатты начгуб. Есік ашылды -ар жағы самаладай жарық,  мейрамдағыдай ішіп-жемге толы стол көрінеді, қуаныш-шаттықты тойлап жатқан дастархан екені көрініп тұр. Есік ашылды. Шыққан —  орыс болса да,  көзі жап-жасыл, бірақ азиаттардікіндей қысық көз,  қысқа бойлы рота командирі лейтенант Туляков. Беті қып-қызыл —  ішкен. Жұқа футболкада. Оң көкірегінде шоқтай жарқырап, футболкасын пәске тартып, соғыстағы  ауыр да асыл, киелі орден, рубиннен жасалған от орден -Қызыл Жұлдыз. Орден алып, соны тойлап жатыр екен деген ой келді. Мені көріп,  менің мен екеніме бірден сене алмай, көзі шақырайып, басын бір сілкіп алды да, мені бір шетке итеріп жіберіп,  коридордың екі жағына қарап алды да мені жұлқып ішке сүйреп кіргізіп алды. “Муха, сен не, қашып кеттің ба???” — Жоқ, жіберді. “Мүмкін емес??? Бұл мүмкін емес!!” Қайтадан сыртқа тұра ұмтылды. Алдын мастықтан байқамады, әйтпесе  коридорда әлгі бес қарулы солдат пен прапор начгуб тұр ғой. Начгуб шындықты айтқан  соң ғана көзі жетіп, ішке кіріп, мені құшақтап дастарханға апарды. Прапорщик Филиппенко, Лейтенант Бедин, аға лейтенант Коляда, аға лейтенант Колесов және бір — екі мен танымайтын офицерлер. Әрқайсысы құшақтап,  прапорщик Филипенко атамыз  кәдімгідей өксіп жылап көрісіп жатыр. Аға орнына аға болған Коляда  кемсеңдеп, сөйлей алмайды, күлген боп, қайта-қайта құшақтай береді. Көзінде жас, сөйлесе жылап қоям деп тұр -ау. Олар тост көтеріп, ішті мен үшін. Мен «Сиси» сусынын іштім. Қуанды. Шын қуанды. Сол сәт осы асыл азаматтардан мені не үшін атпағанын, қалай құтылғанымды есіттім. Мені ату жазасына бұйырған күні офицерлер арасында осыған байланысты үлкен наразылық, қозғалыс туындаған. Бір екі күнде  жиырма шақты офицер қол қойған ұжымдық хат отпускіге кетіп бара жатқан офицер  арқылы Москваға кеткен. Ол офицер хатты КСРО Жоғарғы Кеңесінің пошта жәшігіне  салады. Мен, естеріңізде болса, «Қызыл Жұлдыз» орденінің кавалерімін.  Ал медальды армия бере алғанмен, орденді тек КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының  хатшысы қол қойып қана береді.  Яғни, КСРО Жоғарғы Кеңесі  ресми батыр деп таныған солдатты қайдағы бір бригада командирі қалай ғана опасыз деп үкім шығарады? Сондықтан Жоғарғы Кеңестен “осы солдат бойынша ерекше  ұйғарым келгенше бұйрықты орындау тоқтатылсын” деген пәрмен келеді. Ақырында, бұйрықтың күші жойылсын деген ұйғарыммен бітіпті бұл тірлік. Ал мен мұның бәрін білмегенмін…  Міне. Осылай. Желтоқсанның суық желінде беліме дейін су кештіріп су түбін таспен көмкерту, үздіксіз ұрып -соғу, қорлау, мазақ қылу, түрлі жолмен рухымды сындыруға тырысу, сындырған соң   “шпионмын, опасызбын” деп ел алдында мойындату,  жай ғана Москвадағы қахарлы басшылардың алдында  өздерін ақтап алу үшін жасалған  амал екен.  Сонша күн осы тар жол тайғақ кешу,  азап-қорлықта жүргенімде, бригаданың парасатты, адамшыл, әділетшіл офицерлері бір сағат та тыныш отырмапты — мені құтқару үшін қимылдапты. Сондықтан, жалғыз болмаппын. Және орыстың бәрі қанішер деп айта алмайды екенмін.  Олардың ішінде Коляда, Белов, Филиппенко сынды Адамдар да  жетерлік екен.  Осы екі жыл сұрапыл соғыс жүрегімде  отпен сызылған  өшпес таңба боп  болса,  мына екі ай сергелдең, тар жол тайғақ кешу — ауырлығы жағынан сол екі жыл соғыстан асып түскен, екі дүниеде де естен кетпес, жазылмас жара боп тұр.  Осы азапты күндерде  дос болып, жүректерімен мен жақта болған достарым — қызылордалық Дәурен Есқазиевке, шымкенттік Нартай Тасполатов пен Нұржан Бекжановқа, атыраулық Ілияс Диюсовқа, алматылық Мұрат Бағашаровқа ұзақ өмір, бақыт тілеймін.    

 

түрме торынан Мұхтар Мұхамбетжан

Tags: Ауғанстандағы соғысветераны афганцыВойна в АфганистанеВраг советского народаизменникМухтар МухамбетжанМұхтар Мұхамбетжанопасызпанисламистпантюркистправда об афганской войне соғыс шындығыҚиянатӘділет
Алдыңғы пост

Арқа өңірін қазақтандыру туралы Мұхтар Мұхамбетжан:

Келесі жаңалық

ВЕТЕРАНЫ ТРЕБУЮТ СПРАВЕДЛИВОСТИ!

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Qogham.kz

qogham.kz ақпараттық порталы
почта:zhasyn75@bk.ru
Телефон:+77056468439

Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде qogham.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді

No Result
View All Result
  • Басты жаңалықтар
    • Тылсым Дүние
    • Әлем Жаңалықтары
  • Ноу-Хау
  • Қазақстан Жаңалықтары
  • Мәдениет
  • ОТ ӨМІРДЕН — ЕСТЕЛІКТЕР
  • Өлке Жаңалықтары
  • Сұхбат

Qazaqstan24.kz ақпарат агенттігі

Login to your account below

Forgotten Password?

Fill the forms bellow to register

All fields are required. Log In

Retrieve your password

Please enter your username or email address to reset your password.

Log In