Notice: Undefined offset: 1 in /var/www/vhosts/qogham.kz/httpdocs/wp-content/themes/папка (2)/class/ContentTag.php on line 86
АРҚА ӨҢІРІН ҚАЗАҚТАНДЫРУ
Қазақ ұлты мен Қазақ Мемлекеті үшін Арқаны, яғни Солтүстік Қазақстанды қазақтандыру, осы арқылы оны ел аясында сақтап қалудың архимаңыздылығын бүгінде көзі қарақты қауымға түсіндірудің қажеті шамалы. Әрине, Солтүстік және Шығыс Қазақстан – Арқа өңірі — Қазақтың ең қалың орналасқан аймағы, ұлы жазушылардың түгелдей шоғырын және Азаттық үшін күрестің төрткүл дүние мойындаған арыстарын дүниеге келтірген киелі шаңырақ еді. 20- ғасырдағы Арқа елін жасанды аштықпен қасақана жоюдағы империя мақсаты — біріншіден, белсенді, қабілетті, батыл, сонымен қатар империядағы түркі-мұсылман ұлттарының ішінде бас көтерер естісі де, көпшілігі де болғандықтан, қазақ елін айуандықпен жою арқылы санын күрт қысқартып, орнына бұған дейін Қазанда, Азовта, Қырымда жасағандай, титулды имперлік ұлттың адамдарын миллиондап қоныстандырғысы келді. Қазақтарды өз елінде дәрменсіз азшылыққа ұшыратып, тірі қалғанын өздері қолдан жасаған өтірік «қазақ тарихы» және өтірік «қазақ мәдениетімен», аяр да сұм идеологиямен улап, рухани тамырынан айрылған дүбара тобырға айналдырғысы келді, немесе, тым болмаса, тарихи-саяси аренаға болашақ бәсекелестің шығуын 100 жылдай уақытқа шегергісі келді. Мұның бәрі өкінішке орай, іске асты. Керек болмай қалған малды қырғандай, империя төрт миллиондай бауырларымызды 1932 жылы жоспарлы түрде қырып-жойды. Сөйтіп, жерді қазақтардан босатты. Отан соғысы біткен соң есін жия сала бос жатқан Арқаға төрт миллиондай бөтендерді әкеліп құйды. Түркінің ішіндегі ірісі емес, омыртқасы сынып қиралаңдаған, өз елінде ғаламат азшылыққа айналған, өмір сүріп, тірі қалу үшін ата-баба жолын, ата-баба тілін сатып орыстануға мәжбүр болған бейшара тобырға айналдық. Бүгінгі күн Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов жырлаған Орта Жүз… жоқ. Абай сынады, мінеді, ал енді сол елді сынап – мінеу де … – арман. Ол зұлматтың зауалы әлі де біткен жоқ. Тәуелсіздікке қол жеткенмен, құлаштай алмай келеміз: солтүстікте қазақ аз, бас көтере қойсаң, ар жақтан империя дікеңдейді: орыс тұрған жер орыстікі, жеріңді тартып алам дейді. Өз елімізде өзге тілде сөйлеуге, өз елімізде өзгенің сойылын соғуға мәжбүрміз. Осылай, ел қарасы көбейгенше, бетегеден биік, жусаннан аласа болып уақыт өткізуге болар еді. Бірақ Қырымнің кебінен соң ондай саясаттың да күні өтті – қанша басыңды жерді ұра игенмен, кез келген күні олар қырым вариантын жасауы мүмкін. Еліміз солтүстікте жетпей жатқан жұмысшы қолын жеткізу үшін, оңтүстіктен «еңбек ресурстарын» солтүстікке қоныстандыру туралы шешім қабылдады. Әрине, батыл шешім. Бірақ орындауы нашар болуда.
ОБЪЕКТИВТІ СЕБЕПТЕР:
- Климаттық айырма;
- Идеологиялық жұмыстың жоқтығы, нашарлығы;
- Берілетін жәрдем төлемдерінің болымсыздығы;
- Қонысқа шақырудың басты мақсаты – Арқаны қазақтандыру болғанымен, мотивтік негіздеме – қазақ ұлтының дүниетанымына, наным-сенімдеріне, салт-дәстүріне сәйкес жасалмаған, яғни, қазақ қауымын индивидтік және коллективтік деңгейде әрекетке шақыратын мотивация жоқ. Қазақ Елін бөлек азаматқа арналған индивидуализм жолымен қимылдату мүмкін емес, себебі біздің ұлттың болмысы – коллективистік-ұжымдықдүниетаным. Осындай ең басты принципке негізделмеген кез келген іс –бекершілік.
- Арқа өңірін қазақтандыру үшін – алдымен Арқаны қазақсыздандырудың қандай зұлым ниетпен, қандай қанқұйлы жолдармен жүргізілгенін елге ашық айту керек – әйтпесе шара жеміс бермейді, себебі, ауруын жасырған – өледі.
- Ұлттық сана-сезімді оятып, көміліп қалған ұлттық намысты аршып, аталмыш ұлы қайғының бүкіл ұлтымыз, әрбір азаматымыз үшін ортақ қайғы, ортақ шер және ортақ мұң екенін әрбір жүрекке жеткізу керек.
- Егер бүгін қимылдамасақ, кешегі Арқада болған қазаққырғынның күні ертең Сыр бойында, Атырау өңірінде, Жетісуда орын алуы әбден мүмкін екенін әрбір –азаматқа жеткізу керек. Ал болдырмау үшін — бірлік керек, бірлескен ұлттық жоспар жасау керек және оны дос сүйсініп, дұшпан күйінердей «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» арқылы іске асыру керек.
- Ғалымдар корпусы ұлтымыздың осындай зұлмат–қазаққырғынға неліктен, қандай себептермен, ұлт бойындағы қандай теріс салт, дәстүр, мінездердің кесірінен душар болғанымызды зерттеп, бір тұжырымға тоқтап, ұлтымыздың бойынан осындай ажалды рухани формулаларды қайтып келместей етіп аластауға кірісуі керек.
- Қазақтыққа, жаңашылдыққа, жан-жақты дамуға ұмтылу арқылы ғана күшті ел бола алатынымызды, және тірі қала алатынымызды, бала-шағамызды қорғай алып, болашаққа сеніммен қалдырып кете алатынымызды түсіндіру керек.
- Әрбір қазаққа туған жер түсінігі – тек қана оның ауылы емес, қазақтың ұлан ғайыр даласының әр түпкірі – оның жан аяспай қорғайтын ата мекені екенін жеткізу керек.
- Іле мен Ертістің, Сырдың, Жайықтың суы тартылуы мүмкін екені туралы, көрші елдердегі халық санының күрт көбеюіне байланысты суға қажеттілік артуы, яғни, су жетіспеушілігі мүмкін екені туралы елге түсіндіру керек. Егер, жаман айтпай жақсы жоқ, Оңтүстікте ОртаАзия республикалары мен Ауғанстанның су қажеттілігі артуына байланысты Сырдария, Қытайдың жаңажер игеруціне байланысты шығыста Іле мен Ертіс, ресейліктердің түрлі қитұрқылығының арқасында Жайықтың суы азайып, арнасы құрғаса, сол жерлердегі миллиондаған қазақ қалай күнелтпек? Ондай кез сүйенер дуалымыз, қорған болар панамыз – ондаған миллион адамды қиналмай сыйдыра алатын, қиналмай тойдыра алатын сулы да, нулы Арқа өңірі емес пе? Ал енді Оңтүстік пен Батыста су тартылып басымызға күн туса, Арқаның жерін Қырым мен Донбасты басып алғандай ресейліктер тартып алса, қалың қазақтың барар жері, басар тауы қалады ма? Қайда барып, кімнен бір жұтым су, кімнен бір үзім нан сұраймыз? Тағы да қыздарымыз бен ұлдарымызды бір тостақ ұнға айырбастап өз қолымызбен қорлаймыз ба? Басымыздан өткен осындай ар сату атты қорлықтан соң бүгін, қолда шама барда оны қайта болдырмайтындай қимыл жасай алмасақ, жасағымыз келмесе, бұл біздің азаматтық, еркектік, ұлттық намысымыздың жоқтығының дәлелі емес пе? Ал намыс бар болса, онда Арқаны бүгін қазақтандырып, оны ертең емес, бүгін түбегейлі қазақтікі етіп, ертең емес, бүгін тойымсыз көршінің көз алартуын қойдыруымыз керек емес пе? Бұл тек намысты қорғау емес, бұл қазақ ұлтының тірі қалуы үшін бүгін жасалуға тиісті басты амал. Осыны әрбір қазаққа бақшада, мектепте, институтта, телеарнада, радиода, газетте талмай айтуды ұйымдастыру керек.
Мемлекеттік құрылыс – европалық зайырлылық болғанмен, біз европалық ел емеспіз. Қазақты қимылдату үшін европалықтың дүниетанымына тура келетін қоздырушы элемент ешқашан жұмыс істемейді. Бұл жерде біз қазақтың рухын оятушы өз тітіркендіргіш факторларымызды, яғни, намысшылдықты, өжеттік пен батырлықты, жершілдікті, жүздік-рулық жүйені, таққұмарлықты, атаққұмарлықты, бауырмалдықты, ұжымдық ділді пайдалануға тиіспіз. Бүгінгі саяси –қоғамдық өмірдегі коньюнктураның шотын шауып анауың дұрыс емес, мынауың заңға қайшы деушілер болса айтарым мынау. «Ораза –намаз тоқтықта, қарның ашса қаттырақ, сәлдең қалар боқтықта» деген сөз бар. Заң-уақытша нәрсе. Ол жағдайларға сай, өзгере беретін жалған дүние. Заңнан артық және жоғары түсініктер бар: намыс, ұлт мүддесі, Отан қорғау, ұрпақ қауіпсіздігі. Күлтегіннің де асыл өсиетін ұмытпайық -жер үшін күрес -ең басты күрес. Арқаны қазақтандыру – оған кедергі болатын кез келген заңның күшін жоюға, оны тездететін кез келген факторды заң етіп шығаруға лайықты ең жоғарғы, кезек күттірмейтін, барымызды да, жоғымызды да салып, өліп кеткен ата-бабамызға дейін, туылмаған ұрпағымызға дейін жегіп жетуге тиісті киелі ұлттық мақсатымыз болу керек. Бұл – біле білсек, бүгінгі қазақтың Ұлттық Идеясы ретінде іске асырылатын шара.
Жалғасы бар

Қасірет пен қайғың аз болмапты ба бауырым.