• Home 2
  • Sample Page
  • Ақпараттық портал
Воскресенье, 13 сентября, 2026
  • Басты жаңалықтар
    • Тылсым Дүние
    • Әлем Жаңалықтары
  • Ноу-Хау
  • Қазақстан Жаңалықтары
  • Мәдениет
  • ОТ ӨМІРДЕН — ЕСТЕЛІКТЕР
  • Өлке Жаңалықтары
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Qogham
  • Басты жаңалықтар
    • Тылсым Дүние
    • Әлем Жаңалықтары
  • Ноу-Хау
  • Қазақстан Жаңалықтары
  • Мәдениет
  • ОТ ӨМІРДЕН — ЕСТЕЛІКТЕР
  • Өлке Жаңалықтары
  • Сұхбат
No Result
View All Result
qogham.kz
No Result
View All Result
Home Басты жаңалықтар

САТҚЫН ЕМЕС ЕДІ ОЛ…- 1

Мұхтар Мұхамбетжанның "соғыстың бір күні" атты естеліктер арнасынан

19.12.2025
in Басты жаңалықтар, ОТ ӨМІРДЕН - ЕСТЕЛІКТЕР
0
САТҚЫН ЕМЕС ЕДІ ОЛ…- 1
0
SHARES
279
VIEWS
Share on FacebookShare on Twitter

 

АУҒАНСТАННЫҢ ЖЕЛАЛАБАДЫ — ТРОПИКТІК АЙМАҚ БОЛҒАНМЕН, ҚЫСЫ ШЫМКЕНТТІКІНДЕЙ — ҚАРЫ ЖОҚ ҚАРА СУЫҚ, ӨҢМЕННЕН ӨТЕТІН ЖЕЛ. ЖЕЛТОҚСАННЫҢ БЕЛГІСІЗ БІР КҮНІ,  ТАҢҒЫ БЕСТЕ ТҰРҒЫЗЫП АЛЫП, ДЕДЕКТЕТІП СУЫҚ КҮНДЕ ПЛАЦҚА ҚУЫП КЕЛДІ. ГАУПВАХТАДА ЖАТҚАН 7-8 АДАМБЫЗ.  БІРАҚ БАСҚАЛАР БІР ТӨБЕ, МЕН БІР ТӨБЕ. ОЛАР БАҚЫТТЫ. ӘШЕЙІН БҰЗАҚЫЛЫҚ ҮШІН, “ДЕДОВЩИНА”  ҮШІН ҚАМАЛҒАНДАР. ШЫҒАДЫ ДА КЕТЕДІ КҮНІ ЕРТЕҢ… АЛ МЕН…  “ПАКИСТАННЫҢ ШПИОНЫ, СОВЕТ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАУЫ, САТҚЫН, ОПАСЫЗ, ПАНТЮРКИСТ, ПАНИСЛАМИСТ” ДЕГЕН ҚОРҚЫНЫШТЫ АЙЫПТАРМЕН БҮКІЛ БРИГАДАНЫҢ АЛДЫНДА АТЫЛУ ЖАЗАСЫНА БҰЙЫРЫЛЫП, ГАУПВАХТАДАҒЫ “ӨЛЕТІНДЕРДІҢ КАМЕРАСЫНДА” (КАМЕРА СМЕРТНИКОВ) ЖАТҚАНЫМА ЖИЫРМА КҮННЕН АСТЫ. ӘРБІР КҮНІМ АЗАП ПЕН ҚОРҚЫНЫШҚА, ЫЗА МЕН АШУҒА,  ӨКПЕ МЕН ӨКІНІШКЕ ТОЛЫ…  КЕШЕ КАРАУЛҒА БАСТЫҚ БОП ТҮСКЕН ОРЫС ОФИЦЕРІ СМЕНАНЫ ҚАБЫЛДАП АЛҒАН СОҢ МЕН ОТЫРҒАН КАМЕРАҒА ЕСІТТІРЕ “ГДЕ ЭТОТ КАЗАХСКИЙ ЧУРКА, ШПИОН”!!!  (ҚАЙДА АНА ҚАЗАҚТЫҢ ЧУРКАСЫ ДЕГЕНІ. “ЧУРКА” ДЕП БІЗДЕРДІ, АЗИЯ-МҰСЫЛМАН НӘСІЛІНІҢ АДАМДАРЫН КЕМСІТІП АТАҒАНЫ)  — ДЕП АЙҚАЙЛАП,  КАМЕРАДАН ШЫҒАРЫП АЛДЫРЫП, АЙ-ШАЙСЫЗ  СОҚҚЫНЫҢ АСТЫНА АЛҒАН. БОҚТАП, БАЛАҒАТТАП  ЖАТҚАНДА,   ҰРЫП ЖАТҚАНДА АУРУДЫ СЕЗБЕЙ, ӨЗІМЕ ЖОҒАРЫДАН ҚАРАП ТҰРАТЫН ҚАСИЕТ ПАЙДА БОЛҒАН — СІРӘ, АҚЫРЫ АТАТЫН БОЛҒАН СОҢ, ӨЛТІРЕТІН БОЛҒАН СОҢ, ЖАНЫМ ТӘНІМНЕН ҰШЫП ШЫҒУДЫ ИГЕРІП ЖАТҚАН БОЛУ КЕРЕК — ӘЙТЕУІР АЙҚАЙ, ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ, СОҚҚЫЛАРДЫ ТӘНІММЕН СЕЗЕМ-АУ, БІРАҚ СӘЛ АЛЫСТАН СЕЗЕМ СЕБЕБІ МЕН ӨЗІМЕ,  ЖИРМА ЖАСАР  МҰХТАРҒА — ЖОҒАРЫДАН ҚАРАП, БАҚЫЛАП, БАҒА БЕРІП ТҰРАМ, АЯП ТҰРАМ. “ЕНДІ ӨЙТЕДІ, ЕНДІ ҚАЗІР БҮЙТЕДІ, МЫНАУСЫ АУЫРТАДЫ, МЫНАУСЫ ОНША ЕМЕС, ШЫДАУҒА БОЛАДЫ…” —  АЛДЫН АЛА НЕ ІСТЕЙТІНІН БІЛІП ҚОЯМ БА ДЕЙМ…

ӘБДЕН ҰРЫП. БІЛЕТІН ПРИЕМДАРЫН ҚОЛДАНЫП БОЛҒАН СОҢ  ОФИЦЕР МАҒАН “ТІЗЕРЛЕ” ДЕДІ. ӘРИНЕ, АЗАПТАЙДЫ ТАҒЫ, БІРАҚ “ТІЗЕРЛЕУГЕ БОЛМАЙДЫ. ШЫДАУ КЕРЕК”. МЕН ЕМЕС, КӨРІНБЕЙТІН БІРЕУ БАР — ҰЖДАН БА, АТА-БАБАНЫҢ ӘРУАҒЫ МА, ӘЙТЕУІР БІРЕУ ДЫБЫССЫЗ АЙТЫП ТҰРАДЫ:  “ШЫДА. ТІЗЕРЛЕМЕ” — ДЕП (ӘСІРЕСЕ, ҚАЗАҚ ДЕДІ МЕ, — БОЛДЫ. МЕТАЛЛ БОП СІРЕСЕ ҚАЛАМЫЗ — ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ ЖЫРТҚЫЗҒАНЕША, ӨЛГЕН АРТЫҚ ДЕГЕН, ҚАЙДАН КЕЛГЕНІН БІЛМЕЙМІН, ЗАҢНАН МЫҚТЫ ҰСТАНЫМ БАР). ОФИЦЕР КӨП КҮТКЕН ЖОҚ, ӨЗ ЕРКІММЕН ТІЗЕРЛЕМЕЙТІНІМДІ КӨРДІ ДЕ  СОЛДАТТАРҒА БҰЙРЫҚ БЕРІП КҮШТЕП  ТІЗЕРЛЕТТІ. “КҮШПЕН, ДЕМЕК, МЕНІҢ НАМЫСЫМ КЕТКЕН ЖОҚ. МЕНІ КӨНДІРЕ АЛҒАН  ЖОҚ, СЕБЕБІ МЕН ТІЗЕРЛЕГЕН ЖОҚПЫН, МЕНІ КҮШПЕН ТІЗЕРЛЕТТІ” — ОСЫНДАЙ СӨЗДЕР МИЫМДА ҚАЙТА-ҚАЙТА АЙНАЛЫП ӨТІП ЖАТЫР.  ТІЗЕРЛЕГЕН КҮЙДЕ “МЕН ШПИОНМЫН, САТҚЫНМЫН, КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН. АУҒАНДАР МЕН ҚАЗАҚТАР -АЙУАНДАР (ТВАРИ), ОРЫСТАР -БАТЫРЛАР” ДЕП АЙҚАЙЛАУЫМ КЕРЕК ЕКЕН. АЛДЫМА ЫСТЫҚ СОРПА САЛЫНЫП ӘКЕЛГЕН 50 ЛИТРЛІК “БАЧОК” ДЕП АТАЛАТЫН ЫДЫСТЫ ҚОЙДЫ. ИӘ, ЙӘ,  ЕГЕР БАС ТАРТСАМ,  БАСЫМДЫ СОЛ ЫСТЫҚ СОРПАҒА ТЫҚПАҚШЫ. ҚИНАЛАМ ӘРИНЕ. МАСҚАРА БОЛАМ. МЫНА СОЛДАТТАРДЫҢ КӨЗІНШЕ МЕНІҢ БАСЫМДЫ СОРПАҒА ТЫҚСА, ТҰНШЫҒЫП, АУЗЫ — МҰРНЫМА ЕГЕ БОЛА АЛМАЙ ҚАЛУЫМ АНЫҚ,  ОНДА КҮНІ ЕРТЕҢ “АНА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН СОРПАҒА ТЫҒЫП, МҰРЫНБОҒЫН ШАШТЫҚ” ДЕП МҰРНЫН КӨТЕРЕДІ  БҰЛАР. ДӘУРЕНДЕР МЕН  НАРТАЙЛАР ЕСТІП, ҚАПАЛАНЫП, ЕЛ АЛДЫНДА ЖЕР БОЛАДЫ.  СОНДЫҚТАН ЖАУАП БІРЕУ-АҚ, ШЕШШС.. АЙҚАЙЛАУ — АЙҚАЙЛАМАУДЫ ТОЛҒАТЫП ТҰРҒАН ЖОҚ БҰЛ ЖАН-ДҮНИЕМ. Бұл жан — дүнием басымды сорпаға тыққанда қайтсем абыройымды төгіп алмауды  толғап  тұр. Ми мен жүректі бұрғылаған бұл ойдың арғы шетінде ащы запыран жатыр — өкпе, ыза деген — “Не үшін!!! Не жаздым!!! Қандай шпионмын мен? Қандай сатқын, қандай совет халқының жауымын???  37-жылдың қайтып келгені ме, әлде қорқынышты түс пе бұл??? Өмірімде тірі  пакистандықты көрмесем, кездеспесем, сөйлеспесем, қалай  оларға шпион болам?? Мен совет солдаты емеспін бе?  Жатаған ешектей тауда басқаларға ілесе алмай,  бүкіл батальонды артқа тартатын қаруы ауыр взвод — 4-взводты мен басқарып, жеңіл қарулы взводтардан да ширақ және жылдам қылған жоқпын ба? Бұл үшін медаль берудің орнына…  Ал жаралы болғанда барған түркмендегі госпитальдан  “мен соғысуым керек, достарымды тастамаймын”  деп, мүгедектіктен бас тартып, пара беріп“соғысқа жарайды” деген анықтама алып соғысқа қайта келгенім ше? Сатқын сөйте ме??  Комбригтің  жаяу әскермен  бірге тауларға шығып,   тікелей соғыс қимылдарына басшылық ететін орынбасары бар. Әдетте -полковник Крупянкин. Ол, әрине, қай взводпен, қай ротамен шықса да өз еркі. Дұшпан үшін комбригтің орынбасарын соғыс даласында тұтқынға түсіру -баға жетпес жетістік. Сондықтан әлгі полковник тек оны қорғай алатын,  қажет сәтте ол үшін өмірін тәрк етіп ырылдасып соғыса кететін  нағыздың нағызы деуге болатын взводпен жүретіні сөзсіз.  Ал… Енді осындай деп біздің взводты таңдады ғой ол…  Бүкіл бригаданың  елуен астам взводының ішінен маған сенді ғой ол.  Соғыста взводыммен мен жүрдім гой оны қорғап…  Яғни, нағыздың нағызы, сенімдінің сенімдісі -мен және менің взводым боп тұрған жоқ па??? Онда менің шпион екеніме Крупянкин қалай сенді???”

Басымды бірнеше рет тықты сорпаға. Ыстық. Күйдірді. Демім таусылып жатты. Жұтып қойып жаттым. Бірақ мұрынбоқ шашыраған жоқ. Көзімнен жас ағып жатты, бірақ жылағаннан емес. Қиналған даусым да  шыққан жоқ..  Сындыра алмағанына жынданған офицер мені камераға кіргізп, хлор шашып, су септіріп,  есікті жауып тастады. Өлімге кесілгендердің камерасы — ені бір метр жирма немесе отыз см болу керек, ұзындығы төрт бес -метрдей.  Бір шетіндегі темір   есікте  биігі 20, ені де сол шамамен болатын терезе деп аталатын тесік бар. Ал екінші шетте енсіз терезе бар, ол тас боп жабылған. Хлордың ұнтағын шашып, оның үстіне су төксе, өздерің білетін шығарсыңдар, қандай тұншықтырып, улайтын газ шығарын. Маған шпион ретінде матрас та бермейді -шоқиып  декабрьдің қара суығында бетон еденде дуалға сүйеніп отырамын. Дуал да суық, еден де суық, жылу жүйесі жоқ. Ендігісі мынау — таң атпай штабтың алдына плацқа қуып келді.  Ана, кеше дегенін істете алмаған старлей (аға лейтенант), караулдың бастығы ұйымдастырған болу керек. Дене шынықтыру жасатып жатыр.  Қуып келген — гаупвахта бастығы, украинша фамилиясы бар прапорщик. Және онымен бірге келген  мен танымайтын алпамсадай үлкен, ірі денелі қызыл шаш прапорщик бәрімізге зіркілдеп, жекіріп, балағаттың астына алып жатыр.  Айтқанын істеп, спортсмен болып -ақ жатсақ та.  Кенет, күтпеген жерден  онсыз да жаурап, зорға тұрған менің  үстіме   “бұ дүниенің қара аспаны” төне кетті.  Прапор  “к бою” деген бұйрық берді. Бұл бұйрықты орындау үшін солдат күрт артқа бұрылып,. үш-төрт метр жүгіріп барып жерге құлай кету керек те, автомат ұстағандай қолдарын кезеніп жата қалу керек. Оқыту лагерінде бұл дұрыс шығар, бірақ соғыстың ортасында, ажалмен күніне бірнеше рет айқасып жүрген соғыскер  солдат үшін бұл команданы орындау — өз намысын жыртқызу деп есептеледі. Дәл осыны білген соң   қызыл шаш прапор осы команданы берді-ау.  Қасымда сапта тұрған саны бар, сапасы жоқ бес-алты  майда -шүйделер артқа тұра жүгіріп құлай кетті. Мен және спецназ (арнайы мақсаттағы батальон) батальонының солдаты — екеуміз ғана  орнымызда қалып кеттік.  Қайтем енді, таяқ жегім келмейді, бірақ намысымды да жыртқым  келмейді. Екі оттың ортасы — қиын. Команданы орындамаған екі адам болсақ та, еңгезердей прапор  спецназға қараған да жоқ, мені ортаға жұлып алып шықты да тепкінің астына алды. Қауырсындаймын оның қолында -құдай қатырып дене де бермеген ғой бұл қазаққа — қалай қаласа, солай майыстырып ұрып жатыр. Жапалақтай тепкен жағына ұшып жатырмын, не амал…  Ана ап -арық шегірткенің айғыры —гаупвахта бастығы да іздеп жүріп, оңтайы келгенде ұрып-ұрып  қояды. Қазір тағы сәл ұрса, есімнен айрылсам — сомен азабым бітеді ғой деп ойлап жатқанда  тағы “күтпеген жағдай” болды — орыс солдат, спецназдың алпауыты — ол батальонға тек сондай алпауыт атлеттер  таңдалады —   еңгезердей қызылшаш прапорды бір-ақ ұрып құлатты да гаупвахта бастығын мышықты лақтырғандай штабтың дуалына лақтырды.  “Қазаққа  қолдарыңды тағы бір тигізесіңдер  — осы жерде өлтіремін” — деді.  Ммм…  Мұндай да болады екен-ау. Маған да біреу жақтасады екен-ау… Бұл жігіт маған ешкім емес, неге жақтасты, неге оған тимесе де ортаға түсті? Айдаладағы орыс, бригада емес, айдаладағы спецназ… Пархимчук фамилиясы, әлі есімде -Сергей…  Деп тұрғанда, штабтан  бригада бойынша кезекші жүгіріп келді — бұл күн кезекте біздің 3-батальон командирінің  саяси орынбасары — замполит екен. Фамилиясы есімде жоқ. Мені өте жақсы және жақсы жағынан таниды. Жақсылықтан үміт күтіп тұрмын.  Оған әлгі екі прапор болған оқиғаны баяндап жатқанда,  өзен жақтан әдемі, жарқыраған спортформа (олимпийка- Совет Одағында ол кез ондай киімдер жоқ болатындықтан, бізге бір періштелер киетін ғажайып киім сияқты көрінетін)  киген біреу жеңіл спорттық жүгіріспен асықпай жақындап келе жатты. Сөйтсем, комбригтің орынбасары, менің взводыммен соғысқа шығатын полковник Крупянкин екен. Қанша рет қауіптен бірге шықтық,  ол кісіге ет қуырып беретінбіз, шайын даярлап отыратын едік. Мақтаса, әкемізден мақтау есіткендей марқаятынбыз. Соғыс жағдайында он сегіз-жиырмадағы қарапайым солдат, жас  жігітке қырықтан асқан полковник расында да  әкедей ғой.   “Құтылдым. Кім-кім, нақ осы Крупянкин менің сатқын емес екенімді біледі. “Кім, Муха шпион ба, ол емес мына сен шпион”  деп айқайлайды қазір, мені мыналардан құтқарып, өзімен ертіп алып кетеді…  Гаупвахта, өлетіндердің камерасы тағы бір сәтте артта қалады”…   Үміт, суық, құрғақ,  дірілдеген, әлсіз болса да,  жүрегімдегі мұзға оттай тиген бір Үміт…  Бригада кезекшісі майор алдынан жүгіріп шығып полковникке болған жағдайды баяндады. Бірақ Крупянкин маған қарамады да. Екі прапорды ұрған  спецназдың солдатына да назар аударып әуре болмады.  Автоматтың оғындай  сарт -сарт еткізіп төрт -бес сөзді айтты да, ары қарай жүгіріп кете барды. “Расстрелять сержанта Мухамеджанова за штабом”    “Не үшін… Не боп кетті… Бәсе, неге атпай жүр  сонша күннен бері десем… Мен команда орындамадым, анау екі прапорды ұрып, “төтенше жағдай” жасадық. Енді атуға болады. Демек,  осындай жағдайды  күткен шығар…  Жаңағы сөздердің әрқайсысы миыма мұздай тамшылар боп құйылуда.. Неге олай айтты? Қанша рет жұрттың көзінше нағыз солдат деп, жақсы сержант деп мақтап еді ғой.. Енді… Менің уәжімді де тыңдамай-ақ…  Иә, ақыры ататын болды. Ақыры өлетін болдым. Осылай бітеді екен-ау өмір деген… Нартай, Нұржан, Дәурендер бұл уақыт ұйқыда, мені  атып жатқанын көрмей қалатын болды-ау… Ақыры үлгірмедім.. Достарымның тым болмаса біреуімен кездесіп,  “сатқын емеспін, тірі барсаң, апама осыны айтып бар” дегім келген.. Бірақ,  азанғы бестен кешкі алтыға дейін белуардан су кешіп  арықтың түбіне тас төсеймін, кешке ұрып-соғады, түні бойы суық бетонда отырам- кездесуді ойлайтын да шама болған жоқ. “Мұхтар сатқын емес еді” деп ешкім апама барып айтпайтын болды ғой енді…  Енді қайтем… Расымен -ақ  мен өлген соң, бүкіл ел мені сатқын дейтін болды ма? Неге шындықты жеткізетін жол жоқ???? Мына бригадада менің жазықсыз атылып кетіп бара жатқаным, қиянаттың әділетті жалмап бара жатқаны — ешкімді ойландырмай ма? Шынымен—ақ бәріне бәрібір ме???    Мені бір -екі минуттан соң атуы мүмкін, соғыс жағдайында бұл оп-оңай. Ал менің миымды бұрғылап жатқан ой — қайтсем ауылға “сатқын емес еді ол” деген сөздерді жеткізу болып тұр..  “Сатқын емес еді ол”.. Қандай сұсты, жарқыраған асыл, киелі,  қымбат сөздер… Төрт-ақ сөз…  Апама жеткізе алмайтын болдым… Міне,  бригада кезекшісі плацтан өтіп бара жатқан түнгі патрульді шақырды:  “патруль ко мне!!!” Патруль -бір офицер, екі солдаттан тұратын, түні бойы бригаданы аралап күзетіп жүретін сақшы топтар.   Патруль бригада кезекшісі  шақырған соң қарап тұра ма -жүгіріп бері ұмтылды. Керзі етіктің бетон плацтан дүрсілдеп келе жатқан ауыр, сұсты, қорқынышты қадамдарының әрқайсысы менің үлесімде қалған өмірдің соңғы минуттарын аямай жұлып, мыжғылап жатқандай…  Келді. Қолын шекесіне қойып тұрып, кезекші майор беті бүлк етпей патруль бастығы лейтенантқа бұйрық берді: “приказываю расстрелять сержанта Мухамеджанова за штабом и доложить об исполнении приказа!” (штабтың артына апарып сержант Мухамеджановты атып тастауды және бұйрықтың орындалғаны жайлы баяндауды бұйырамын!). Мен тұрмын. Және тағы бір жерде мен тұрмын -бес-алты метр жоғарыда -төмендегі пенделердің сергелдеңіне қарап тұрмын. Осы сәт үстімнен төнген зіл батпан Ажал атты қара аспан тағы да артқа шегінді:  патрульдің бастығы, орыс лейтенант еш қорқынышсыз, нығырлап тұрып, бәріне есіттіріп тұрып  бригада кезекшісіне былай деді:  “я лучше тебя самого пристрелю как собаку, гад”!!! (мен оны атқанша, сенің өзіңді иттей ғып атып тастаймын, оңбаған!) Сөйтіп, артқа бұрылып, өз жолымен асықпай басып кете барды. Екі солдаты да, өзі де кезекшінің бажылдаған, “бұйрықты орындамағаның үшін  жазаңды аласың, мына сержанттың  орнына өзің атыласың”  деп жатқан сөздеріне бұрылған да жоқ.   Ары -бері далбасадан соң бізді гаупвахтаға қайта қуды. Ішек -шабағым, бауыр-бүйрек, жүрек-өкпемді біреу жұлып алып, ішім қуыс боп қалғандай мең-зең боп жеттім.   Біраздан соң бес солдаттың қарауылымен декабрьдің қара суығында күндегідей плац пен асхананың жанындағы көпірдің түбіне, белімнен су кешіп, түбін таспен қалауды жалғастырдым. Ол арық, ол көпір Дәурендердің де есінде шығар, оқып отырса -көздеріне үсті алма-жұлма, декабрьдің  суық желінің өтінде бүрсеңдеген,   бауы жоқ етіктерінен әр басқанда былш-былш етіп су шашыраған,  су сіңген шалбары бұтына жабысқан, ап-арық, жүдеңкі, шаршаңқы, бірақ көздерін өліспей беріспейтін кесірлік, қайсарлық от боп шашыраған тірі өлік көз  алдына келген шығар…  Бишара күйіме қорланып,  желден тығылар тесік таппай  жаурап, дірдектеп жүргенмен,  сол күні  су түбіне тасты аяғыммен туырлап қойып тұрып талай рет  ойладым:  атылудан бүгінше құтылып кеткенім   — үлкен жеңіс, себебі, мүмкін,  сәті түсіп, алдағы уақытта, олар мені атам дегенше,  Дәуренді, немесе Нұржанды, немесе Нартайды бірнәрсе ғып шақыртып ала алармын.  Мені атса, ауылға барып апама “сатқын емес еді ол” деп айтыңдаршы деп үлгірермін…  Әрине, Қызылорданың Дәурені, Созақтың Нұржаны, Отырардың Нартайы, соғыста өліп кетпей,  елге тірі жетсе,  апама барады.  Айтады.  Сатқын емес еді Мұхтар!!!    Деп..

 

Осы  бәлекеттен қалай құтылғаным туралы, батыр да асыл достарым Есқазиев Дәурен, Тасполатов Нартай, Бекжанов Нұржан туралы, басқа да соғыстың ауыр да абыройлы сәттері туралы алдағы уақытта айтып беремін.

 

Мұхтар  Мұхамбетжан  

Tags: Ауғанстандағы соғысветераны афганцыВойна в АфганистанеВраг советского народаизменник опасызМухтар МухамбетжанМұхтар Мұхамбетжанпанисламистпантюркистправда об афганской войне соғыс шындығырассказы про войнусоғыс ардагерлерісоғыс туралы естелік әңгімелерШпион ПакистанаҚиянатӘділет
Алдыңғы пост

РЕСМИ ФАКТОР: ШЫМКЕНТТІҢ ӘКІМДІГІ ТЕРРОРИСТІ ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНАН ІЗДЕЙТІН БОЛҒАН БА?

Келесі жаңалық

Арқа өңірін қазақтандыру туралы Мұхтар Мұхамбетжан:

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Qogham.kz

qogham.kz ақпараттық порталы
почта:zhasyn75@bk.ru
Телефон:+77056468439

Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде qogham.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді

No Result
View All Result
  • Басты жаңалықтар
    • Тылсым Дүние
    • Әлем Жаңалықтары
  • Ноу-Хау
  • Қазақстан Жаңалықтары
  • Мәдениет
  • ОТ ӨМІРДЕН — ЕСТЕЛІКТЕР
  • Өлке Жаңалықтары
  • Сұхбат

Qazaqstan24.kz ақпарат агенттігі

Login to your account below

Forgotten Password?

Fill the forms bellow to register

All fields are required. Log In

Retrieve your password

Please enter your username or email address to reset your password.

Log In