Түркістан қаласында Орта Азиялық сүт конгресі аясында «Aq Altyn» ІІ халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. Бұл шараға Үндістан, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден қатысушылар қатысты.
Конференцияның алғашқы пленарлық отырысына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі сүт өндірісінің даму әлеуеті мен нәтижелері туралы сөз қозғады.
– Әлемде халық санының артуына байланысты сапалы азық-түлік өнімдеріне сұраныс та үнемі өсіп келеді. Ауыл шаруашылығының шикізат саласымен қатар қайта өңдеу саласын дамыту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл конференция сүт өндіруші кәсіпорындарды біріктіріп, бірлесіп жұмыс жасауға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін, – деді ол.
Облыстағы жалпы өңірлік өнімнің 20%-ы агроөнеркәсіп кешенінің үлесіне тиеді. Қазіргі таңда 80 мыңнан астам агроқұрылым жұмыс істейді, бұл республикадағы барлық агроқұрылымның 31%-ын құрайды.
Өңірде сүт өнімдерін өндіретін екі ірі ферма бар, олардың әрқайсысында 400 бастан астам мал басы бар. Олар – «Бөрте Милка» және «Шаркул Фуд» серіктестіктері. Биыл тағы екі инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл жобалар түркиялық «Sezer» және шведтік «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталды. Сонымен қатар, Дания мен Венгриядан 605 бас «Гольштейн» тұқымды ірі қара сатып алынды. Бұл жобалардың нәтижесінде жылына 12,6 мың тонна сүт өндірілмек.
Бұдан бөлек, 2025–2026 жылдары тағы 3 тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр, олар жалпы 2000 басқа арналған. Қазіргі таңда өңірде 32 сүт фермасы мен 23 ауыл шаруашылығы кооперативі сүт өндірісімен айналысып, жылына 410 мың тонна сүт өндіреді, бұл республикадағы жалпы сүт өндірісінің 12%-ын құрайды.
Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасын іске қосты. Қазіргі уақытта облыста сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 25 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы қуаттылығы 171 мың тонна.
Конференцияның екі күнінде сүт өндірісінің даму бағыттары, әлемдік нарықтағы өзгерістер және жаңа технологиялар таныстырылып, талқыланатын болады.