Талғат Балтабайды жас кезінен білемін. Жас болғанмен, өжет, шапшаң, әділетшілдігімен ерекшеленіп тұратын. “Уақыт” газетінің алғашқы номерлерін шығарып жүрген кездері есімде. Принципшіл, бірізділігі өз алдына бөлек дүние. Кейде, біздің үйде әңгімеге қызығып, қараңғы боп қалса, мамасына звандап, “Талғат бүгін бармай ақ қойсын, біздің үйде қала салсын” — деп, үшінші қабаттағы кабинетке төсек салып беретінбіз. Түнгі уақытта үйіне жалғыз жібере салуға “баласынатынбыз”. Кеиін біраз жылдарда “Уақыт” газетін Шымкенттегі, бүкіл Оңтүстіктегі белді газетке айналдырды. Құрметке бөленді. Беделге ие болды. Ел санаса бастады. Біз білетін кешегі жас бала, бүгінгі Талғат -мәслихат депутаты, ірі газет пен телеарнаның басшысы еді. Ақ түйенің қарны жарылып, бұл да өзгеріпті. Соңғы өзгеріс — Талғатты “Аманат ” партиясы қалалық ұйымына басшылық орынға сайлапты. Бұл ерекше жаңалық. Тек Талғатты жақсы көретін, жақтайтын біз үшін ғана емес, қоғам үшін үлкен жаңалық. Бірінші рет билеуші ”Аманат” партиясы өзінің ең үлкен ұйымдарының бірі — Шымкент қалалық ұйымына басшылыққа кәдімгі кәнігі шенеунікті емес, журналисті, қоғам қайраткерін ұсынып отыр. Жай журналист емес, табандылығы, принципі бар, әділетшіл, белсенді қайраткер — Талғат Балтабайды тартып отыр. Расында, партия ұжымдарын шенеуніктер емес, қоғам қайраткерлері басқарғанда ғана партияның идеялары ел арасында шынайы насихатталуы мүмкін ғой. Ал шенеунік -бұл жоғарыдан түскенді орындап, қалғанын лақтырып үйренген қызметкер емес пе? “Аманаттың” басшылық қызметіне қоғам белсендісі, танымал қайраткер Талғат Балтабайдың тартылуы — белгілі дәрежеде “Аманат” партиясының, шын партиялық әрекетке, ел мен партия арасында шын, екі жақты байланыс орнатуға бағыт алғанын көрсететіндей. Талғат басшы болған жерде анау-мынау алаяқ құтылып кете алмайтыны, ең нашар байғұс та пана табатыны сөзсіз. Талғат алдамайды. Берген уәдесін орындайды. Пара алу, жеке басының қамын қоғам мүддесінен жоғары қою , рушылдық, кланшылдық сияқты рухани кеселдер — бұл азаматта жоқ. Сондықтан мен бұл мәселе бойынша Талғатты ғана емес, осындай жаңа, соны, креативті, елшіл қадамы үшін “Аманат” партиясын да құттықтаймын.
Мұхтар Мұхамбетжан
