АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҮЙЛЕСТЬІРУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ СҮГІРӘЛІ АҚЖІГІТОВ:
“Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады”.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 08.09.2025 жылғы өзінің Жолдауында еліміздің аумағынан тыс жерде соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге көрсетіліп келе жатқан әлеуметтік және медициналық көмектің мемлекет бюджетіне белгілі бір деңгейде салмақ түсіріп отырғанын атап өтті”. Бұл сөздер шерлі көңілге қаяу боп, түрлі ойға жетеледі:
- Салмақ түсіреді дейтіндей, қылшылдаған жас кезімізде мемлекет бізден “соғысқа барғың келе ме” деп сұрады ма? Әлде біз өзіміз сұрандық па? Еріксіз қырғын соғысқа сап, қазақша айтқанда “жау кеткен соң” мынау не сөз? Біздің қан майданда қор болған жастық шағымыз үшін, тас-талқан болған армандарымыз үшін, қан кешіп тас жастанып жүргенде кемшін болған денсаулығымыз үшін кім жауап береді?
- “Жүздің тоқсан тоғызы бейбіт жерлерде, оның ішінде көрсе қызығатын Германияда, Чехословакияда, Венгрияда рахаттанып демлып келеді де, жүзінші мен неге қанды қырғын соғысқа, бит-бүргеге, аш-жалаңаш өмірге, сәт сайынғы қауіп-қатерге, ажалға, жыртылған жүрек, жұлынған қол, мыжылған бас, шашылған миға толы Ауғанстанға түстім? Неге біз, басқа емес? Не жазығымыз бар еді, бұ дүниенің тозағына алып кетердей?” Әр ардагердің мұңында бар бұл сөздер — үшін кім жауап береді?
Ауған халқы совет елін жәрдемге ешқашан шақырмаған. Орыстың қанқұйлы импершіл отаршыл күштері ауғанның заңды өкіметін қастандықпен құлатып, өз қуыршақ өкіметін қойып, өтірік жәрдем сұратып бізді кіргізіпті. Шын мақсаты — орыс империясының “Үнді мұхитында етігін жууды” армандаған арам да отаршыл, жыртқыш ниеті. Өкіметтен “біз қанішер болғымыз келеді, ауған елін өз қанына тұншықтырып, азаттық үшін күресін басып-жаншуға даярмыз, бізді соғысқа жібер” деп ешкімнен сұранған емеспіз. Біздің Отан қорғау сияқты қасиетті борышымызды империя басшылары сондай арам ниетке пайдаланды. Бірақ сол кез сол басшыларға шындықты айту түгілі оларға “жандайшап” боп қызмет еткен, бұл кез биліктегі “ хамелеондар” бүгінгінің “жаңа саяси лебіне” жағымпаздана туырланып, шапанын ауыстырып, кенет мұсылманшыл, “исламшыл” бола қалып, ауғанды аяп, бізді “басқыншы оккупант”, мұсылманға қарсы шықтыңдар” дей бастады. Осы жиіркеншті ағымды тоқтатып, — “олардың жазығы жоқ. Олар — солдат. Мемлекет қайда жіберсе, сонда барады. Сондықтан оларды айыптауға болмайды, олар тек қана өз борыштарын адал орындаушылар” — деп бізді қорғауға тиіс мемлекет қайда? Мемлекеттің бюасшысы қайда? Кешегі соғыста қан кешкен бізді бүгін мемлекет қорғап, қолдап, ұлықтаудың орнына қайта опасыздық жасап, намысымызды аяққа таптап жатса, келесі соғыста қай жігіт мемлекеттің үндеуімен қолына қару алып күреске шығады? Бүгінгі қазақ билігінің бізге айтар бар сөзі — “Ауырлық болып отырсыңдар” — ма? Жастығымызды Отан үшін отқа тастаған біздер бүгінгі күн сұрауы жоқ бишара болдық па? Әу баста, жар қызығын көрмеген, өмірде бір гүлі ашылмаған он сегіздегі біздерді саясат үшін соғыс атты қанды қырғынға шімірікпей лақтырған билік енді бүгін, қартайғанымызда, саясат үшін шімірікпей тарихи күресінге лақтырмақ па???
Өмір бойы ай сайын берілетін айтуға мазақ 14 мың теңге жәрдемді қанағат тұтып келдік. Мемлекеттік ауқымда, салмақты түрде қырғын соғыстан соң өкімет ешқайсысымызды психологиялық, фитикалық реабилитациядан өткізген жоқ. Әлеуметтік жағдайымызды түзеген жоқ. Айына 14 мың теңге тағайындап, біздің рухани, тәни, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларымыздан “құтылып, сытылып” шыға келді. Бірақ біз өкіметке ренжімедік. Сауымыз — соғыста тапқан аурулардан емделіп, ауруымыз — күнінен ерте одүниелік болып, жүре бердік. Бергендерің аз демедік. Неге бізді басқыншылық соғысқа жібердің деп жұлқынбадық. Ашулыларды өзіміз жұбаттық. Жақсылықтан үміт күттік. Қажет жерінде қайта өкіметке қорған болып, Отанымыздың көк Туы астынан табылып, патриоттық алаңда табылдық. Жан сала жас ұрпақ тәрбиесіне атсалыстық. Сондағы тапқан төбеміз, алған алғысымыз қайсы??? Ешқайсымыз әкім, депутат, олигарх болмадық деп жанжал шығармадық. Отанымызды тал түсте ту- талапай қып тонап жатқан жауыз да ұры билікке қарсы шықпадық. Сабыр дедік. Жөнделер дедік. Олардың біреуінің ғана, бір рет қана ұрлаған ақшасы Қазақстандағы бүкіл ауған соғысы ардагерлеріне соғыс біткеннен бері берілген мемлекеттің барлық жәрдем түрінің көлемінен мыңдаған есе артық. Бірақ өз Отанын жанын сала тонаған олар — мемлекетке ауырлық емес екен, өз Отанын жанын сала қорғаған біздер ауырлық екенбіз. Шын соғыста ұлтымыздың намысы үшін бар болғаны он сегіз жаста қайтпас-қайсарлықтың, жауынгерлік асқақ рухтың символы болған біздер —
Он тоғызда, көрдік Отын Тозақтың
Сұм соғыста, жеңіп сынын Азаптың
Оралдық біз — Батыр дейді ел бүгін,
Біз жай ғана ұлдарымыз Қазақтың…
деп батырлық мұңын шаққан біздер — АУЫРЛЫҚ екенбіз. “Еліміздің аумағынан тыс жерде соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге көрсетіліп келе жатқан әлеуметтік және медициналық көмек мемлекет бюджетіне белгілі бір деңгейде салмақ түсіріп отыр”. Бар рахметің осы ма, Қазақ Билігі? Бізді соғысқа жіберген Совет Одағы тарқағанмен, Қазақстан билігі өзін СССР-дің мұрагерімін деп жариялады және совет кезіндегі міндеттемелерді орындаймын деп мойнына алды. “Отаршыл соғыста оккупант болғансың” деп, итке лақтыратын сүйек алуға да жетпейтін жәрдемақысын Тоқаев бізге көп көріп отырса, қартайғанда керексіз, мемлекетке “ауырлық” боп отырсақ, ерім дейтін еліміз де, ел атынан шыққан депутаттар да іздемей, жоғымызды жоқтамай, мұңымызды мұңдамай, сұраусыз жетім қып жатса, онда тоқтайық, ардагерлер, қанды көйлек, қарулас достар. ТОҚТАЙЫҚ. Тым болмаса осындай жүрекке жара салған мұңды сәтте бұған дейінгі ұятты, сабырды, кеңшілікті, мәрттікті, жақсыға сенгіштікті қояйық. Ұждан, Ар, Иманнан Ақшаны жоғары қойған бүгінгі Қазақстанда мұндай қасиеттердің бағасы да жоқ, қажеті де жоқ. Қайта мазақ қылуда. Ұзын сөздің қысқасы, Мемлекетпен есептесейік. Отаршыл Ресей бір кездері, біздің күшімізбен Ауғанстанды басып алмақшы болды, бірақ ала алмады. Бүгін дәл солай Украинаны басып алмақшы болып, империалистік, отаршылдық соғыс жүргізуде. Ресей украин халқына қарсы соғысып жатқан әр солдатына бірреттік 5 миллион рубль, яғни 30 миллионнан астам теңге және айына 1 миллион 280 мың теңгедей айлық төлейді екен. Өкімет осылай, бізді пайдаланып-пайдаланып алып, соңында лақтыратын боп шешсе, онда осы ақшаны әрқайсысымызға төлесін. Сосын олар бізді, біз оларды ұмытайық. “Басқыншы және қылмыскер — бұйрық орындап барған біздер емес, сол бұйрықты шығарып, бөтен елді қанға тұншықтырып құл қылам деген сендерсіңдер” -деп беттеріне баспай-ақ қояйық. Бұл есеппен әр солдатқа орта есеппен қанша төлену керек? Бұл да қиын емес Идеал жағдайда солдат Совет Одағында жарты жыл дайындықтан өтіп, Ауғанстанда бір жарым жыл соғысу керек болатын. Демек, бір реттік 30 миллион теңгеге он сегіз айда 1 миллион 280 мыңнан төленетін 23 миллион теңгені қоссақ, 53 миллион теңге, яғни 106 мың доллар болады екен. Осы бағамен, есеп айырыссақ, Қазақстандағы 21 мың ардагерге бар болғаны 2,3 миллиард доллар бірреттік ақы төленеді. Бұл Қазақстан мемлекетінің бюджетін ешқалай ауырта алмайтын сома. Назарбаев және оның сыбайлас нөкерлерінің “бір тышары”. Ал орташа әр ардагерге, өкімет 1986- жылдан бері айына 14 мыңнан соғыс біткеннен бергі төлегенінің бар сомасы- 6.7 миллион, яғни 13,5 мың доллар ғана. Әлгі 53 миллионмен салыстыра да алмайсың. Он есе аз. Әрине, президент айтқан бұл сөздер -мемлекет мүддесіне тікелей қарсы. Амал не, билікте отырғандар мұны түсінбесе. Келесі соғыс қашан басталады? Өткен соғыстың залалын ұмытып, ардагерлерін мазақ етіп аяқ асты еткенде, келер соғыстың бықсық түтіні жалын отқа айналады. Бірақ мемлекет мүддесі дегеннен хабары жоқ, өз ардагерлерін құрметтемеген басшылыққа біз мұны түсіндіре алмаймыз. Одан да бір-ақ рет есептесейік, сосын бізге жаны ашып, ұлықтамай-ақ қойсын. Келер ұрпақ кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін өздері ажыратып алады. Келіспесе, Қазақстан берген марапаттар мен темір -терсек, медаль-ордендерді телекамералар алдында “опасыз өкіметтің медальдары қажет емес” деп, лақтырайық. Отқа жағайық. Сөйтіп, Ауған мемлекетінің “талибандық” өкіметінен жәрдем сұрайық. Басқыншылар емес, басқыншы саясаттың құрбаны екенімізді “өркениетті” Қазақстан билігі емес, “жабайы” Талибан өкіметі түсініп, Қазақстан өкіметіне әділ болу туралы ұсыныспен шығуы әбден мүмкін.

Жүрекке жетердей жазыпты. Неткен сөздер, неткен леп, неткен шешендік!!! Ризамын
Ассалаумағалейкум бауырлар, ия шын жүректен шыққан жан айқай. Ұмытпасам кеңес өкіметінің соңғы жағында осындай сөзді Ресей Думасында бір азамат » Сендерді Ауданға біз жіберген жоқпыз» деген уәжіне «Бізді Ауданға жіберген сен болмасаң сенің қорқақтық пен үндемей қалған әрекетің» деген еді. Шынында да Кеңестің солақай саясатының құрбаны болғанымыз рас. Соны мойындағысы келмей отырған басшылардың қорқақтық әрекеті әлі кері қайтпай отыр. Міндет қылмадық, бірақ соны түсінген үкімет бар ма? Ертеңгі ұрпақ елді қорғауға дайын ба? Құдай бетін аулақ қылсын, ел шетіне жау келсе менің кәрі жүрегім ЕЛІМ деп отқа түсуге дайын!!! Ал артымыздан еретін жастар бар ма? Мен осы сұрақтан қатты қорқамын. Ата бабаларымыз ерлікті барынша үлгі етіп дәріптеген еді, бүгінгі жоғарыдағылар олай жасаса биліктен айрылып қаламыз деп қорқады!!!
Ардагерлерды колдаймвз
Батыр ағаларымыз колдаймыз
Қазақтың намысын қорғаған ардашерлеріміз ренжіткен қандай елбасшысы болды бұл. Өмірінің соңғы жылдарын рахметпен өткізудің орнына?
Автормен толық келісемін. Ардагер деген аты барда, заты жоқ Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлерінің. Анттарына адал болып, өз борыштарын орындап келген азаматтарға Үкіметтің көз қарасы 34 мың теңге болып тұр. Ұрысқа барған азаматтың қадірі осы болса. Ертең мына Қазақстанды кім қорғайды. Ол түгіл әскерге бармай қашып жүр. Елім дейтін ер болмаса, елім дейтін ел қайдан болсын деген атам қазақ. Ауған соғысы ардагерлерінің 2247 заңы қайтарылу керек. Ұлы Отан соғысына теңестірілген азаматтар деген. Иә, болмаса ардагер заңының 1-пункті «Ұлы Отан соғысы ардагерлері» деген пунктке теңестірілген деген сөз қосылып, ауған ардагерлері өтуі тиіс. 2-пункттен шығарылып. Және 1-пункттегі жеңілдіктерді пайдалануы тиіс.
Тамаша комментарий
Өте орынды, дұрыс шешім қабылдайтын әділ басшы керек қазіргі таңда ! Елім дейтін болсаң етегіңді жи деген елімізге қиындық келгенде қара халықтын алдында жүретін осы ардагерлер емеспе соны неге ойламайсыз президент Тоқаев мырза!!!
Ассалаумағалейкум Қазақ елі!
Қолдаймыз жан айқайын ардагердің
Керемет дәл айтыпты. Тауып дөп айтыпты. Жарайсың ардагер бауырым. Билік есітетін шығар жан айқайымызды
Автордың Президенттің жолдауына қарсы пікірін,Ауған соғыс ардагерлерінің жан айқайын нақтылап ащщы дауыспен дұрыс жеткізген,қолдайймыз.Ел басындағылардың бұл ащщы үн,санасына сіңіріп,оң көзбен қарап,оң шешімін берсін.Қанша сол соғыста қыршын кеткен жас боздақтардың имандары Саламат болсын,қаншауы өмір бақи мүгедектің күйін кешкен қаншама жандар бар . Йа бәрі пікір таласі дұрыс айтылған, Мен өз басым АУҒАН соғыс ардагерлерін қатты силаймын,құрмет тұтамын.Себебі өзімнің ағаларым,жан досым және құрдас достарым БАЧА,АВГАНЕЦ мақтан тұтамын.Ауған соғысы ардагерлері құқығын билікке айтып қорға жағдайын жаса, БІЗ БІРГЕМІЗ.
Дұрыс айтыныз
Өте Орынды Шыннын Айтты каншама Жыгыттер Ауру Болды молярия Тиф Әлыде Зардабын.шегып Журмыз.Ашшы Шындық.Колдаймын Сугырали Бачамызды.